- Әрбір адамның белгілі бір тілді меңгергендігі, оның сол тілде емін-еркін сөйлеп, жазып, ой тұжырымдай білу сияқты қабілеттерімен өлшенетіні белгілі және зайырлы мемлекеттерде осындай қабілеттерді анықтайтын әртүрлі емтихан қарастырылған. Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілін азаматтардың меңгеру дәрежесін бағалайтын жүйе ҚАЗТЕСТ қазір қалай дамуда?
- Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығында азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың құралы ретінде халықаралық TOEFL (Test of English as a Foreign Language), IELTS (International English Language Tests System), DALF/DELF (Diplome Approfondi de Langue Française/Diplome d'Etudes en Langue Française), DSH (Deutsche Sprachprüfung für den Hochschulzugang), ТРКИ (Тест по русскому языку как иностранному) және т.б тіл меңгеру деңгейін бағалаудың жүйелеріне ұқсас қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізі әзірленіп, енгізуге дайындық жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына 2006 жылдан бері алты жыл уақыт өтті. Қоғамда Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан Республикасындағы білім сапасын тәуелсіз бағалаушы ұйым ретінде ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға түсу емтихандары, оқу орындарының мемлекеттік аттестаттау барысындағы тестілеу секілді білім сапасын бағалау механизмдерімен белгілі. Бірнеше жылдық тәжірибе тілдік білімді бағалаудың да өлшеу құралдарын қалыптастырып, тестілеуді ұйымдастыру бойынша іс-шараларды атқаруда үлкен септігін тигізуде.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде бірқатар қазақ тілін үйрету құралдары, оқу әдістемелік кешендері, оқыту немесе тіл үйрету курстары өз жұмыстарын жалғастыруда. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 2005 жылғы 3 қазанында өткізген «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» туралы мәжілістің хаттамасына сәйкес Ұлттық тестілеу орталығында Қазақстан Республикасындағы барлық азаматтардың және Қазақстан аумағында құқықтық, экономикалық, қоғамдық және т.б. әрекет түрлерімен айналысатын шетелдік азаматтардың қазақ тілін білуін белгіленген деңгейлер мен талаптар бойынша бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылған болатын.
Жоғарыда тілге тиек етіп айтылған халықаралық жүйелердің сол елдегі тілдік саясатқа бірден-бір ықпал ететін құралдар екендігі күмән туғызбайды. АҚШ, Канада, Австралия елдеріне барып, белгілі бір оқу орнында оқу үшін міндетті түрде TOEFL нәтижесін талап етеді, дәл сондай Ұлыбританияда IELTS сертификаты шетелден келген азаматтың елде өзін еркін сезініп, тілдік ортада тілдік қатысымға бөгетсіз араласуына мүмкіндік береді. Олай болса, тілдік білімді бағалау жүйелері - тілдік тұлға қалыптастыруға септігін тигізетіні анық және тәжірибе көрсеткендей, тілді меңгерудің тетігі.
- ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейі қалай бағаланады?- ҚАЗТЕСТ жүйесі тіл меңгеру әрекеттерінің түрлеріне сай төрт бөліктен тұрады: тыңдалым (тыңдағанын, естігенін түсінгендігін бағалау), лексика-грамматикалық бөлік (тілдік құрылымды түсінгендігін бағалау), оқылым (оқып түсінгендігін бағалау), жазылым (жаза білу қабылеті). Қазақстандық жүйенің негізгі қағидаттары ғана тілдік білімді бағалаудың халықаралық жүйелеріне негізделіп отыр. Сонымен, ҚАЗТЕСТ - Қазақстанда азаматтардың ұлтына, азаматтығына байланыссыз қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған жүйе.
Тілді меңгеріп, сол тілде сөйлеу әрекеттерінің түрлері еуропалық тілдік портфель сипаттамаларына сәйкестендіріліп, келесі бөліктерге жіктеледі.
Тыңдалым - тіл үйренушінің оқылған (аудиоқұрылғыда, компьютерде дыбысталуы мүмкін) мәтінді түсіну деңгейі түсіну сатысына байланысты бағаланады. Диалогтар, мәтіндер мен монологтардан тұратын аудиоматериалдарға тест тапсырмалары әзірленеді де, тілдік дағдылардың тіл меңгеру деңгейіне байланысты қалыптасқандығы анықталады.
Лексика-грамматикалық бөлікте тіл үйренушінің тілді түсінуі, түсініп айтуы, қарым-қатынаста қолдана алуы, жазуда пайдалана алуы, лексика-грамматикалық материалды меңгеру деңгейі функционалдық, коммуникативтік тұрғыда бағаланады.
Оқылым бөлігінің негізгі мақсаты - мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдауы, түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы.
Жазылым біліктілігі тіл меңгеру деңгейіне байланысты шығарма элементтері бар диктанттардан бастап жоғары деңгейге барғанда ұсынылған тақырып бойынша тірек сөздер мен сөйлемдер арқылы шағын шығарма жазу ұсынылады. Осы арқылы жазбаша қатысымды жүзеге асырудағы үлгерімі, жазбаша мәтін мазмұнының сапасы, жазбаша мәтінде тілдік құралдарды пайдалану сапасы мен жазбаша тапсырманы орындаудағы өз бетінше тілді қолдана алу дәрежесі сияқты көрсеткіштер бойынша бағаланады, тексеріледі.
ҚАЗТЕСТ жүйесінде тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі - қарапайым деңгей, базалық деңгей, орта деңгей, ортадан жоғары деңгей, жоғары деңгей негізге алынады және бұл халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің сатыларына сәйкес келеді: А1 деңгей - Қарапайым деңгей, А2 деңгей - Базалық деңгей, В1 деңгей - Орта деңгей, В2 деңгей - Ортадан жоғары деңгей, С1 деңгей - Жоғары деңгей, ал жетік деңгей - С2.
Қазақ тілін аталған деңгейлерде меңгерудің негізгі талаптарын анықтайтын қандай нормативті құжат болуы керек деген сұрақ күн тәртібінде тұрды. Әрине, мұндай құжаттар немесе әдістемелік құралдар шет- елдерде жүйеленіп, жолға қойылған. Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған мемлекеттік стандарттары әзірленіп, оларды мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдармен келісіп, халықаралық тәжірибелер негізінде Техникалық реттеу және метрология комитетінде бекітілді. Қазіргі таңда қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған Мемлекеттік стандарттар қолданысқа енгізілді және ол ендігі ретте тілді оқыту мен тіл меңгеру деңгейін бағалауды жүйелейтін нормативті құжат болмақ. Мемлекеттік стандарттардың тіркеу нөмiрлері: ҚР СТ 1926-2009, ҚР СТ 1928-2009, ҚР СТ 1929-2009, ҚР СТ 1925-2009, ҚР СТ 1927-2009.
- ҚАЗТЕСТ жүйесін қазақ тілін меңгеру дәрежесін бағалауды пайдалану тәжірибелері туралы айтсаңыз.
- 2008 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиясына үміткерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында ҚАЗТЕСТ жүйесін пайдалану үрдіске айналды. Қазіргі таңға дейін 7 мыңға тарта үміткер жүйе бойынша емтихан тапсырды, 10 пайызға жуық тестіленушілер қазақ тілін үйренуде қайта дайындалу керектігі анықталды. Қажеттілік туындағаннан кейін азаматтар тіл үйрену курстарын, тілді оқытатын мамандарды, тестке дайындалу құралдарын іздеп тауып, қазақ тілін меңгерді. Екінші жылы қайта келіп, келесі мүмкіндігін сынап көруге келген үміткерлер қазақстандық тәжірибенің шетелдік озық жүйелерге қарағанда әлдеқайда қызығырақ, тіл меңгеруге септігін тигізерлік мүмкіндіктері бар екендігін ризалықпен айтты. Өйткені тек Қазақстанға тән танымдық, ақпараттық, мәдени және тағы басқа мағлұматтар қазақ тілінің ерекшеліктері арқылы баяндалып, сол бойынша тапсырмаларға жауап беру арқылы тіл меңгеруге деген ынтаны арттырады.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» Автономды ұйымы қызметкерлері мен ұстаздар қауымы екі жылдан бері қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда ҚАЗТЕСТ жүйесін пайдалану үрдіске айналған. Ұстаздар қауымы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша емтихан тапсырып, соған сәйкес сертификаттар алуда. «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамы қызмет-керлері арасында да мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауда ҚАЗТЕСТ жүйесі қолданылып келеді. Жыл сайын акционерлік қоғамның 1000-ға жуық қызметкері байқау сынағынан өтеді. Бұл өз ретінде қазақ тілін оқытудың мазмұны мен бағытын анықтауға септігін тигізеді.
Бірнеше министрліктер мен агенттіктер, облыстық әкімдіктер және басқа органдардың мемлекеттік қызметшілері де байқау сынақтарынан өтіп келеді. Қазіргі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесі байқау сынағы ретінде пайдалану қазақ тілін оқытудың бағытын анықтауға септігін тигізіп отыр.
- ҚАЗТЕСТ тапсыруға қандай оқу құралдары, жаттығу тапсырмалары бар?
- Қазіргі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға арналған қазақ тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкес сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша 70000-ға жуық тест тапсырмасы қалыптастырылған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен әр деңгейге сәйкес жеткілікті сөздер мен сөз тіркестерінің минимальді сөздік қоры әзірленді. Тіл үйрену тәжірибесінде тілдің лексикалық бірліктерін кеңейтіп, олардың қолданысын қатар үйрену міндетті түрде ұштасып отыратыны белгілі. Лексикалық минимум сөздік қордың кеңеюіне, белсенді және пассивті сөздік қордың қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан қазақ тілін меңгерудің әрбір деңгейіне сәйкес қажетті лексикалық минимум, яғни сөздер мен сөз тіркестерінің минимальды қорын қалыптастыру қолға алынды. Минимум қазақ тілін өз бетінше үйренуге және қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға бағытталды. Минимум шет тілін үйренудің әлемдік және еуропалық стандарттарының принциптеріне, сонымен қатар Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктеріне сәйкес құрастырылды. Қарапайым деңгейде лексикалық минимум 800 бірлікті, базалық деңгейде - 1783 бірлікті, орта деңгейде - 2229 бірлікті, ортадан жоғары деңгейде - 3954 бірлікті, жоғары деңгейде - 5060 бірлікті құрады. Лексикалық бірліктерді таңдаудың мақсаты қазақ тілінде жаза білу мен сөйлей білудегі қолданылатын белсенді сөздік қорын сараптау мен оларды жүйелеу. Осыған орай тілді үйренуші азаматтар үшін тіл үйренуде өз ойын пайымдап, оны айта біліп, сөздер мен сөз тіркестерді тақырыбына сәйкес мағынасы мен қолдану саласына қарай топтастыра білуі, сонымен қатар тілдік бірліктерді дұрыс қолдана алуы сияқты талаптар анықталды.
Лексикалық минимумдар қазақ тілін меңгерудің бес деңгейі бойынша 5000 данада, жалпы саны 25000 данада жарық көріп, барлық өңірлік мемлекеттік тілді оқытудың орталықтарына тегін таратылып, қамтамасыз етілді. Аталған оқу құралдарының ерекшелігі - сөздер мен сөз тіркестері үш тілде тақырыптар мен сөз таптары бойынша жүйеленіп берілуінде.
Тіл комитеті үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында әр деңгейге сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың тестілеу әдісімен өтетін емтиханына дайындық оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуге қолдау білдіріп, аталған оқу-әдістемелік құралдарының жариялануына және оны барлық тіл оқыту орталықтарына таратылуына септігін тигізді. Қазақ тілін меңгерудің 5 деңгейі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтаудың ҚАЗТЕСТ тестілеу емтихандарына дайындалудың «ТІЛ-ҚҰРАЛ» оқу-әдістемелік құралдары 25000 данамен жарық көріп, қолданысқа енгізілді. Бұл да тілді меңгеруге деген ынтаның септігі болады, яғни тілдік емтихандарға «қандай оқулықпен дайындалу керек?» деген сұрақтың жауабы бола алады.
Тіл үйренушілердің әлемдік желі бойынша да тіл үйренуге ынтасын қамтамасыз етудің бір тетігі ретінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша ақпараттармен жақынырақ танысу мен жүйе бойынша он-лайн режимінде байқау сынақтарынан өту мақсатында www.kazakhtest.kz ресми сайты интернет желісіне қосылды. Сайт беттерінде мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және араб графикасын пайдалану арқылы қазақ тілінде берілген. Сонымен қатар қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған интерактивті тестілеудің бағдарламалық жабдықтауы әзірленіп, Тіл комитетінің қолдауы арқылы барлық облыстық әкімдіктерге, өңірлік тіл оқыту орталықтарына, барлық басқарушы мемлекеттік органдарға (министрліктер және т.б.) тегін таратылды. Бағдарламалық жабдықтау жеке компьютерлерге локальді режимде және желілік режимде де қолдануға мүмкіндік туғызады. Тіл үйренуші өзінің жұмыс орнында жеке компьютеріне орнату арқылы кез келген бос уақытында қайта-қайта тестілеуден өту арқылы өзінің қазақ тілін меңгеру дәрежесін көтеруіне септігін тигізеді. Тіл комитетінің тапсырысы бойынша тест тапсырмалары қорын қайтара жаңартып отыруға мүмкіндіктер қарастырылған.
- Қазақстанда азаматтардың қазақ тілін меңгеруде түрткі боларлық ҚАЗТЕСТ жүйесінің енгізілуіне қандай іс-шаралар атқарылып отыр?
- Елбасының «2017 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайыздан кем емес, 2020 жылға дейін 95 пайыздан кем емес» деңгейге жету тапсырмасына қол жеткізу үшін қандай лауазым иесінің немесе біліктілік талаптарына сәйкес, кімнің қай деңгейде мемлекеттік тілді білу талаптары анықталған тізім 49 мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен (барлық министрліктер, облыстық, Астана және Алматы қалалық әкімдіктері, ұлттық компаниялар мен арнайы ұлттық комитеттер, жеке кәсіпкерлерді қолдаудың одағы және т.б.) келісімге жолданып, барлық органдар дерлік бірауыздан тізіммен келісетіндіктерін, және оған қосымша тезірек нормативті құжат ретінде қолданысқа енгізуді ұсынатындарын білдірді.
Аталған мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбе жобасы Үкімет назарына ұсынылды. Аталған іс-шара да азаматтардың мемлекеттік тілді меңгерудің негізгі себебін нақтырақ анықтап, тіл үйренушінің тілді меңгеруге деген ынтасын арттыратыны анық.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
"АЙҚЫН" Республикалық қоғамдық-саяси газет
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz