Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Қалыпты нұсқасына көшу
20.01.2012

Қазтест – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі


b81693b019287f5620b1877b7941afcc.pngҚали ӘБДИЕВ, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:– Қали Сейілбекұлы, мемлекеттік тіл мәселесі әлі өзекті күйінде қалуда. Бұған келісерсіз. Мемле­кет­тік тілді дамыту, бағалау жолында сіздерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 
– Елбасының «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген сөзі – әр «елім, жерім – Қазақстан» дейтін азаматтың сөзі десем, артықтық етпес. Бәсекелестікке қабілеттілік ұғымынан ақсап отырған тіліміздің ахуалы біртіндеп түзеліп келеді. 
Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде қазақ тілін үйрету құралдары, оқу-әдістемелік кешендері, оқыту немесе тіл үйрету курстары өз жұмыстарын жүргі­зу үстінде. Премьер-министрдің 2005 жылдың 3 қа­­занындағы «Қазақ тілін білу деңгейін баға­лау жүй­есін жасау және соның негізінде оқыту әдіс­теме­сін әзірлеу» туралы хаттамасына сәйкес, ҚР Бі­лім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығында адамдардың, ел аумағында жұмыс істеп жатқан шетел азаматтарының қазақ тілін білу­ін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі құрыла бастады. 
Жүйені қолданысқа енгізбес бұрын тілдік тест табиғаты мен олардың дүниежүзілік деңгейде та­нымал тәжірибелеріне ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан талдаулар жасалды. Тілдік білімді баға­лаудың институционалдық мүмкіндіктері біраз жылдан бері қолданысқа еніп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген халықаралық тіл білу деңгейін бағалаудың жүйелеріне талданды. Атап айтсақ: TOEFL (Test of English as a Foreign Language), IELTS (International English Language Tests Sustem) DAALF/DELF (Diplome Approfondi de Francaise/Diplome d’Etudes en Lanfue Francaise), DSH (Deutsche Sprachprufung fur den Hochschulzugang) ТРКИ (Тест по русскому языку как иностранным) және т.б. 
– Бұл жүйелер еліміз үшін қаншалықты тиімді? Тіл үйренемін дегендерге оның ықпалы қалай? ҚАЗТЕСТ жүйесінің жоғарыдағы жүйе­лерге жақын келетін тұстары бар ма? 
– Аталған жүйелердің сол елдегі тілдік саясатқа бірден-бір ықпал ететін құрал екендігінде күмән жоқ. АҚШ, Канада, Австралия елдеріне барып белгілі бір оқу орнында оқу үшін міндетті түрде TOEFL нәтижесін талап етеді. Ұлыбританияда IELTS сертификаты шетелден келген азаматтың елде өзін еркін сезініп, тілдік ортаға кедергісіз араласуына мүмкіндік береді. Олай болса, тілдік білімді бағалау жүйелері тілдік тұлға қалыптастыруға септігін тигізетіні анық. Осылайша, тіл үйренудің, оқытудың әдістемесі қалыптасады. Әрине, тілді меңгергендігіңізді біреуге дәлелдеу мақсат емес. Алайда жоғарыда айтылған елдерде қандай да бір қызмет түрімен айналысу, білім алу үшін дәлелдеу керектігі айқын. Сонымен, тілдік саясат мәселесі осындай тетіктер арқылы шешімін тауып отыр. ҚАЗТЕСТ жүйесінің аталған жүйелерге жақын тұстарына тоқтала кетсем, біріншіден, оқылым, айтылым, жазылым және лексика-грамматикалық дұрыстығы сияқты сөйлеу, іс-әрекеті түрлеріндегі маңызды орын алатын коммуникативтік құзыреттілігі тексеріледі. Екіншіден, бұл жүйелерде деңгейлік жүйелердің құрылымдық және мазмұндық болмысы айқын градациялықпен өсіп отырады. Үшіншіден, мысалы, ТРКИ жүйесінде ресейлік тіл білімін тексеруде «орыс тілі – ресейліктерге және шетелдіктерге» деген арнамен берілген. Ал ҚАЗТЕСТ жүйесімен еліміз және елге келуші шетелдік азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға болады. 
Бұл жүйе, ең алдымен, ел ішіндегі тілдік ахуалға септігін тигізеді. Алайда мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген заңнамалық бап бәріне кесірін тигізіп отыр. ҚАЗТЕСТ жүйесі тіл меңгеруге байланысты төрт бөліктен тұрады. Тыңдалым (тыңдап түсінгендігін бағалау), лексика-грамматикалық бөлік (тілдік құрылымды түсінгендігін бағалау), оқылым (оқып түсінгендігін бағалау), жазылым (жаза білу қабілеті). 
Мұндағы тілдік білімді бағалаудың дең­гейлік жүйесі – қарапайым, базалық, орта, ор­тадан жоғары, жоғары деңгей бойынша негізге алынады. Бұл халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің сатыларына сәйкес келеді. 
– Дұрыс екен. Онда қазақ тілін аталған деңгейлерде меңгерудің негізгі талаптарын анықтайтын қандай да бір нормативті құжаттар болуы керек қой? 
– Орынды сұрақ. Әрине, мұндай құжаттар немесе әдістемелік құралдар шетелдерде жүйеленіп, жолға қойылған. Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған мемлекеттік стандарттары әзірленіп, мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдармен келісіліп, халықаралық тәжірибелер негізінде Техникалық реттеу және метрология комитетінде бекітілді. Қазіргі таңда қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік-тілдік құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған Мемлекеттік стандарттар қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, ол тілді оқыту мен меңгеру деңгейін бағалауды жүйелейтін нормативті кұжат болмақ. Мемлекеттік стандарттардың тіркеу нөмірлері: ҚР СТ 1926-2009, ҚР СТ 1928-2009, ҚР СТ 1929-2009, ҚР СТ 1925-2009, ҚР СТ 1927-2009. 
2008 жылдың 11 қыркүйегіндегі ел Үкіметінің қаулысымен ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұ­жырымдамасы мақұлданғанымен, жүйені енгізу­ге байланысты бірқатар заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізу қажет болып тұр. Атап айтқанда, қазақстандықтардың қазақ тілін қажеттілікке байланысты міндетті білуі жөнінде заңнамалық және азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы жүзеге асырылатыны туралы құқықтық, заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізілуін жүзеге асыру. 2008 жылдан бастап, Елбасының «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиясына үміткерлердің қазақ тілін меңгеруін анықтау мақсатында ҚАЗТЕСТ жүйесін пайдалану үрдіске айналды. Жалпы, шетелдік тіл білімін бағалау жүйелерінде емтихан барысында ұсынылған тапсырмалардың сөйлеу әрекеті түріне байланысты 60 пайыз межені еңсергенде ғана, сол деңгейді меңгерген деп есептеледі. Сәйкесінше сертификат беріледі. Мысалы, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тыңдап түсінуге (тыңдалым бөлігі) – 30 тапсырма, оқып түсінуді бағалауға (оқылым бөлігі) – 50 тапсырма және тілдік құрылымды (лексика-грамматикалық бөлік) 70 тапсырма ұсынатын бол­сақ, онда әрбір деңгейден 60 пайызды дұрыс деп есептесек, олар сәйкесінше тыңдалымнан – 18, лексика-грамматикадан – 42, оқылымнан 30 дұрыс жауап беруі тиіс. Алайда бұл халықаралық талап жұм­сартылып, 150 тапсырмадан 60 пайыз дұрыс жауап берсе, үміткерді өткізу керек деген ше­шім қабылданып, біраз түсініспеушілік туындауда. 
– Себебін түсіндіре кетсеңіз. 
– Айталық, үміткер қазақ тілінен емтихан тапсырғаннан кейін, тағы да өзге де сынақтардан өтіп, тәуелсіз сараптамалық комиссия отырысына барады делік. Онда үміткерге сарапшылар тарапынан әртүрлі сұрақтармен қатар қазақ тілінде де сұрақтар қойылады. Орыстілді үміткер мектепте қазақ тілін оқыса да, тіпті, емтиханнан өтіп тұрып орысша жауап беруге рұқсат сұрайды. Таңғаласың. Қарап отырсақ, мәселе мынада көрінеді. Өзге тілді мектептердегі қазақ тілі тек грамматикалық тұрғыда оқытылады, яғни коммуникативтік құзыреттілікке бағытталмайды. Сөйлеуге қатысты ешқандай жағдай жасалмаған. Қазақ тілі пәнін сәтті бітіріп шыққан оқушының өзі жалпы ойыңызды ұққанымен, қазақ тілінде сөйлей алмайды. Міне, осындай жағдайдан кейін ҚАЗТЕСТ жүйесі де тура сол сарындағы емтихан болып шығады. Өйткені талап жұмсартылған. 
Сондықтан ҚАЗТЕСТ жүйесін дамытудың келесі кезеңіне көшу мақсаты ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте жүйе туралы ақпараттармен, жүйе тапсырмаларының мазмұнымен, құрылымымен, жалпы ақ­параттармен қамтамасыз ету мақсатында тілді үйренемін деушілерге қолжетімділікті www.kazakhtest.kz сайты арқылы таптық. Сайт қазіргі таңда интернеттің қазақстандық кеңістігінде өз қызметін атқарып жатыр. Сайт беттерінде онлайн режимінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша байқау сынақтарынан өту қарастырылған. Алдын ала тіркеліп, өтетін байқау сынақтары, жалпы тест құрылымы, мазмұны, тестіленушілер туралы ақпарат ала алады. 
– Тіл үйренемін дегендерге бұдан басқа тағы да қандай мүмкіндік қарастырылған? 
– Лексикалық қорды қалыптастырып отырмыз. Онда да халықаралық тәжірибе ескеріліп, «жалпы, қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеру үшін 5000 сөз жеткілікті» деген тұжырымға келіп, «ең қарапайым деңгейге 800 сөз жеткілікті» делінді. Енді «тіл үйренушіге қазақ тілі грамматикасын оқытуда қандай оқу-әдістемелік құрал болуы керек» деген сұрақ алдымыздан шықты. Осыған байланысты тәжірибеде шыңдалған ағылшын тілінің грамматикасын оңтайлы да түсінікті тілмен түсіндіретін Macmillan Raymond Murphy (Кэмбридж) баспасы және оқу құралдары негізінде қазақ тілінің деңгейлеріне сәйкес грамматикалық құралдарды әзірлеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұған қосымша сынау тестілері, әрбір деңгейдің сөздік қоры, грамматикалық құралы бар екен. Енді «емтиханға дайындық құралы қайда» деген мәселе туындағаннан кейін, ҚАЗТЕСТ жүйесі емтиханына дайындалудың оқу-әдістемелік кұралын әзірлеуді қолға алдық. 
Сонымен қатар ҚАЗТЕСТ жүйесі сапасын халықаралық тіл білімін бағалау жүйелері дәрежесіне, сондай-ақ халықаралық стандарттар дәрежесіне көтеруде жүйенің тест тапсырмаларын әзірлейтін және сараптайтын жұмыс тобының біліктілігін көтеру күн тәртібінен ешқашан түскен емес. 
– Бұл жүйенің өзге жүйелерден айырма­шы­лығын да айта кетсеңіз. 
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, тіл меңгеру деңгейін бағалау сөйлеу әрекетінің түрлеріне байланысты іске асырылады. Мысалы, естігенін түсіне білу, оқығанын түсінікті қабылдай білу, сол тілде жаза білу және тілдік құрылымды дұрыс пайдаланып, сөйлей білу қабілеті. Осы ретте тренинг мазмұны сөйлеу әрекеті түрлеріне байланысты сапалы тест тапсырмаларын қалыптастырудың негізгі қағидаттарын аша түсті. Әр тапсырма тек белгілі бір тілдік дағдының немесе дағдылардың ғана қалыптасқандығын анықтауды зерттеп, ерекшеліктерін түсінуге бағытталды. Тіл меңгеру деңгейлеріне сай тақырыптар мен тест тапсырмаларының түрлеріне байланыс­ты ағылшын, испан тілдерін меңгеру деңгейін бағалауға арналған мысалдар негізге алынып, талқыланды. Сөйлемнің құрастырылуы көбінесе жалғаулардың көмегімен болатын тапсырмаларды қалыптастыруда да ерекшеленеді. Мысалы, ағылшын тілінің грамматикалық ерекшелігіне құралған тапсырмаларды қазақ тілінің грамматикасына тікелей қолдануға болмайды. Сондықтан көпжылдық тәжірибе мен озық әдістемелердің өзін негіздеп, бөліктер бойынша тапсырмаларға жүйелеуді талап етеді. Тренинг авторы осындай негізгі ерекшеліктерді тыңдаушылар назарына тікелей мысалдар арқылы келтіріп отырды. 
Лексикалық және грамматикалық дағды­лар­дың қалыптасқандығын анықтау ҚАЗТЕСТ жүйе­сінде лексика-грамматикалық бөлік ретінде тапсырмалар жиынтығы түрінде беріледі. Ал ағылшын тілі емтихандарында грамматикалық, лексикалық бірліктерді түсінгенін жаза білу, оқи білу, естігенін-түсінгенін бағалау бөліктерінде тексеріледі. Әрине, мұндай ерекшеліктер тапсырмаларды әзірлеуде өз нәтижесін бермек. 
Тәжірибелік сабақтарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған өлшеу құралдарын әзірлеу жұмыстарына консультативтік пікірлер әзірленді. Тіл меңгеру деңгейлері сипаттамаларының бірізділігі нақтыланды. Тест сертификаты секілді негізгі нормативті құралдардың құрылымы талқыланды. ETS тәжірибесіндегі озық әдістемелерге қатысты көптеген мысалдарға талдау жасау арқылы, тіл меңгеру деңгейін анықтаудағы дағдыларды қалыптастырудың негізгі бағыттары талқыланды. 
ETS Global ұйымы тренингті сәтті аяқтаған тыңдаушыларға тіл меңгеру деңгейін бағалау құралдарын қалыптастыруда біліктілігін растайтын ETS GІоЬаІ institute сертификатын табыстады. 
Өткен жылдың 27 қыркүйегінде ETS Global ұйымының Азия-Тынық мұхит аумағы, Таяу Шығыс, Канада, Африка елдері бойынша Атқарушы директоры Паскаль Мевеллек пен Байланыс жөніндегі үйлестірушісі Чинара Адамалиева Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Серік Ирсалиевпен кездесуі барысында ҚАЗТЕСТ жүйесін жоғарыда аталған TOEFL жүйесімен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы мен ETS Global ұйымы арасында «Ынтымақтастық меморандумына» қол жеткізілді. Аталған меморандум аясында екі ұйымның тығыз қарым-қатынасы өз жұмысын бастап отыр. Мұндай халықаралық қатынастар жүйені жаңа деңгейге көтеретіні анық. 
«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген қанатты сөзді сөзбұйдаға салушылар, енді «кім қаншалықты деңгейде білуі керек» деген сұрақтарды көлденең тартты. Оның жауабы «Тіл туралы» заңның 23-бабында анық айтылған. Алайда мемлекеттік тілді белгілі бір мөлшерде білуі тиіс мамандықтардың, лауазымдардың және кәсіптердің тізімі әлі күнге дейін нақтыланған жоқ. Ал аталған тізімнің жобасы әзірленгенмен, оны мемлекеттік органдармен келісіп, нормативті кұжат ретінде енгізу қажеттігі туындап отыр. 
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген Жолдауындағы мемлекеттік тіл саясаты мәселесі бойынша 2017 жылға дейін қазақ тілін меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайыздан, ал 2020 жылға дейін 95 пайыздан кем емес межеге жету жоспарланды. Осы ретте жоғарыда ұсынылған тізімді анықтау арқылы өрелі мақсатқа жетудің түйткілді тетігі болатыны анық. Ал кез келген зайырлы елдердегідей тіл меңгеруді бағалаудағы бірден-бір құрал ретінде ҚАЗТЕСТ жүйесі енгізілуге дайын.

Сұхбаттасқан Алтынай ЖОЛДЫБЕКОВА


"Ана тілі" ұлт газеті



Тізімге кері қайту

Ақпараттық материалдар

Информационные материалы

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша компьютерлік тестілеу

Download

Байланыс

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх