Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Қалыпты нұсқасына көшу
21.10.2015

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу мен байқау сынақтарының нәтижелері



Ұлжан Садықова
ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы
Мемлекеттік тілді дамыту
басқармасының жетекші сарапшысы
«Әдіскер» журналы, №4 (58) 2015 ж.



ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу мен байқау сынақтарының нәтижелері


«Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Өз ана тілін қадірлеп, қастерлемейтін адам жоқ. Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы!»-деген екен Шыңғыс Айтматов.


Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»-деген болатын. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.


Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойы бар: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі».


Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көшбасшысы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы – Тарих!»-демекші, Қазақстан тәуелсіздігінің тарихына жүгінсек, 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Қазақстан Республикасының егенменді ел болуының айғағы болып табылатын ата заңымыз Конституцияның 7-бабына сүйенсек: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай тұғызуға қамқорлық жасайды», ал 19-бабы бойынша: «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар». Дегенмен, көп ұлтты мемлекетіміздің ұлттарының басын біріктіретін, оларды бір-бірімен достастыратын – қазақ тілі. Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл болуына орай оның қолдану аясы, бедел мерейі мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне көтеріліп келеді. Заңымыз Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды және әрбір ұлт өкілі өз ана тілінде қатынасып, пікір алысып түсінісу еркіндігін қамтамасыз етеді.


Қазақстан Республикасында тілдерді дамытуға үлкен мән берілген. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) мемлекеттік тілді меңгерудің басым бағытын іске асыру үшін мемлекеттік тілді меңгерген елдегі ересек тұрғындардың үлесін 2014 жылға қарай 20%-ға, 2017 жылға қарай 80%-ға және 2020 жылға қарай 95%-ға арттыру міндеті қойылған. Аталған үлесті Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ тапсырудың нәтижелері арқылы анықтау белгіленген. ҚАЗТЕСТ жүйесі 2005 жылдан бастау алады.


2008 жылдың 11 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүйені дамыту мен енгізу тұжырымдамасы қабылданды. Жүйенің негізгі бағыты күнделікті әлеуметтік ортада азаматтардың қазақ тілін қолдана білу дәрежесін анықтау, яғни қазақ тілінің функционалдық қолданысын бағалау. Тілдің күнделікті тұрмыста қолданылу дәрежесін бағалау арқылы тіл меңгерудің көлемін білу әлемде кең етек жайған. Атап айтсақ, ағылшын тілін білудің деңгейін анықтайтын IELTS – (Ағылшын тілінен халықаралық тестілеу жүйесі), TOEFL ­ (Шетел тілі ретінде ағылшын тілінен тест) жүйелері, орыс тілі бойынша TРКИ – (Шетел тілі ретінде орыс тілінен тест) жүйесі және тағы басқа да жүйелер мен тестілеу бағдарламалары қолданыста. Барлығының негізгі бағыттары ­ тіл үйренушінің сол тілдердегі ақпараттарды тыңдап немесе естіп түсіну, оқи білу мен сол тілде жаза білу және ең маңыздысы сол тілде сөйлей білу қабылеттерін бағалау. Міне дәл осындай қағидамен құрылған ҚАЗТЕСТ жүйесі де Тыңдалым, Оқылым, Жазылым және Лексика-грамматикалық құрылымнан тұрады. Қазақ тілін меңгерудің бес деңгейі бар, олар – қарапайым (А1), базалық (А2), орта (В1), ортадан жоғары (В2) және жоғары (С1) деңгейлер. Қазақ тілін жетік меңгеру С2 деп анықталады және бұл деңгейде аты айтып тұрғандай тілді әдеби нормада терең меңгеру талабы бар. Қазақ тілін терең меңгерген азаматты тағы да тексеру мақсаты ҚАЗТЕСТ-те болмағандықтан, қазірге бұл деңгей қарастырылмайды. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім стипендиясына үміткерлер жыл сайын қазақ тілін меңгеру деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы анықтайды, мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусына үміткерлер де мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін ҚАЗТЕСТ арқылы растайды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымында мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне үлкен мән берілген. Сондықтан аталған ұйым өзінің ұстаздар құрамын аттестациялау кезінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу емтиханының нәтижесіне жүгініп келеді. Қазақстан Республикасының «Әуе компаниялары» қызметкерлері де ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлерін растап отырады. Үстіміздегі жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне мемлекеттік қызметке ниетті кандидаттар да міндетті түрде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тіл меңгеру деңгейін растауы қажет.


Қазақстан Республикасы азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау тестілеуі 2006 жылы, яғни ҚАЗТЕСТ жүйесінің іргесі қаланған уақыттан бастап жыл сайын өткізіледі. Бастапқы кезеңде тестілеуге мектеп оқушылары, колледж, жоғары оқу орындарының студенттері, магистрант, докторант, сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамы қатысқан.


2009 жылдан бастап аймақтық мемлекеттік тілді оқыту орталықтарымен байланыс орнатылып, тестіленушілердің құрамы өзгерді. Бүгінгі таңда тестіленушілердің басым үлесін мемлекеттік тілді оқыту курстарын аяқтаған мемлекеттік қызметшілері құрайды.


Қазіргі таңда оқытуды бастаған сәтте диагностикалық тестілеу арқылы курс тыңдаушыларының қазақ тілін меңгеру деңгейі анықталады. Диагностикалық тестілеудің нәтижесінде қазақ тілін меңгерудің бес деңгейінің біреуі анықталып, оның негізінде оқыту жүргізіледі. Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын диагностикалық тестілеуін барлық аймақтық оқыту орталықтары жүйелі түрде жыл сайын өткізіп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді оқыту курсын аяқтаған мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ тілін меңгеру деңгейінің тәуелсіз бағалауын қамтамасыз ететін тестілеу түрі – ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуі өткізілуі тиіс. ҚАЗТЕСТ негізі қаланған сәттен бастап, тестіленушілер саны жылдан жылға артып келеді.


2006 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуге қатысқан мемлекеттік қызметшілердің саны төмендегідей:

§ 2006 жылы ˗ 21 адам;

§ 2007 жылы ˗ 285 адам;

§ 2008 жылы ˗ 100 адам;

§ 2009 жылы ˗ 121 адам;

§ 2010 жылы ˗ 2 330 адам;

§ 2011 жылы ˗ 4 486 адам;

§ 2012 жылы ˗ 5 665 адам;

§ 2013 жылы ˗ 20 236 адам;

§ 2014 жылы ˗ 7 334 адам;

§ 2015 жылы – 13 288 адам.


Бұл санға оқыту курстарына қатыспаған қызметшілер де кіреді.


2006 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша жалпы тестілеуге қатысушылардың саны төмендегідей:


§ 2006 жылы ˗ 169 адам;

§ 2007 жылы ˗ 639 адам;

§ 2008 жылы ˗ 1633 адам;

§ 2009 жылы ˗ 2 252 адам;

§ 2010 жылы ˗ 6 400 адам;

§ 2011 жылы ˗ 7 084 адам;

§ 2012 жылы ˗ 10 250 адам;

§ 2013 жылы ˗ 29 744 адам;

§ 2014 жылы ˗ 32 461 адам;

§ 2015 жылы – қыркүйек айының 1-не дейін 23 807 адам.


Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейі мемлекеттік мекемелердің сұраныстарына негізделіп анықталады. Тестілеу Мемлекеттік бағдарламаның мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін кезең-кезеңмен арттыру мақсаттарын жүзеге асыруға септігін тигізеді.


Осы уақытқа дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 114 439-дан астам адам тестілеуден өтіп, бірі қазақ тілін қай деңгейге жақын меңгергендігін анықтаса, енді бірі нақты бір деңгейдің емтиханын тапсырып, деңгейлік сертификат иемденді.


2012 жылдан бастап тестіленушілер саны едәуір өсіп келеді. Осы төрт жылдың ішіндегі тестіленушілерді әлеуметтік топтары, ұлттары, гендерлік көрсеткіштері бойынша жіктейтін болсақ, төмендегі ақпаратты ұсынуға болады:


2012 жылы мемлекеттік қызметшілердің үлесі – 54%, бюджеттік сала қызметкерлерінің үлесі – 30%, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерінің үлесі – 16% құрады.


2013 жылы мемлекеттік қызметшілердің үлесі – 70,1%, бюджеттік сала қызметкерлерінің үлесі – 17,1%, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерінің үлесі – 8,1%, «А» корпусына үміткерлердің үлесі – 4,7% құрады. Тестілеуге жалпы қатысушылардың 59,85%-н ер азаматтар құраса, 40,2% әйелдер үлесіне тиесілі болды.


2014 жылы мемлекеттік қызметшілердің үлесі – 65,3%, бюджеттік сала қызметкерлерінің үлесі – 28,5%, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерінің үлесі – 5%, «А» корпусына үміткерлердің үлесі – 1,1% құрады. Тестілеуге жалпы қатысушылардың 43,2%-н ер азаматтар құраса, 56,8% әйелдер үлесіне тиесілі болды.


2015 жылдың 1-қыркүйегіне дейін мемлекеттік қызметшілердің үлесі – 50,8%, бюджеттік сала қызметкерлерінің үлесі – 38,7%, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерінің үлесі – 1,9%, «А» корпусына үміткерлердің үлесі – 0,6% құрады. Тестілеуге жалпы қатысушылардың 45,2%-н ер азаматтар құраса, 54,8% әйелдер үлесіне тиесілі болды.


Ұлттық тестілеу орталығының Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту бағытында барлық аймақтық оқыту орталықтарымен, көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялармен, акционерлік қоғамдармен жемісті серіктестік орнатқан. Аталған мекемелердің оқытушылары ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың әдіс-тәсілдерімен танысып, отандық жүйенің дамуына өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытқа қойылатын міндет – республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік тілді оқыту курс қатысушыларының, мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің және өзге де сала қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау құралы ретінде ауқымды түрде сертификаттық тестілеуін өткізуді ұйымдастыру және сертификаттық тестілеу емтиханын барлық зайырлы мемлекеттердегідей дәстүрлі іс-шараға айналдыру.   


Тізімге кері қайту

Ақпараттық материалдар

Информационные материалы

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша компьютерлік тестілеу

Download

Байланыс

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх