Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Қалыпты нұсқасына көшу
30.09.2016

ҚАЗТЕСТ – республикалық жоба


Мира Ғазизқызы Садуақасова
ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы
Мемлекеттік тілді дамыту
басқармасының бас сарапшысы
«Айқын» газеті, №145, 30.09.2016 ж.
 


ҚАЗТЕСТ – республикалық жоба


Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын жүйесі – ҚАЗТЕСТ-ке биыл 10 жыл толып отыр. Бұл жылдар қандай болды? Адам әр күн батқанда өзіне есеп бергендей, өткен уақытты саралап, біз де қоғам алдында есеп беруді білейік. Республикалық деңгейде маңыздылығы жоғары әлеуметтік жобалардың бірі болғандықтан, отандық жүйені енгізу мен дамыту кезеңдеріне қысқаша шолу жасап өтсек.

Қоғам кез келген жаңа бастаманың теріс тұстарын ойлауға асығады екен, осылайша отандық жүйенің құрылу кезеңі де жеңіл болған жоқ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның негізінде қазақ тілін білу деңгейн бағалау жүйесін құру қажеттілігі жөніндегі Премьер-Министрінің 2005 жылдың 3 қазандағы № 24-5/007-321 хаттамалық шешіміне сәйкес сол жылы ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылды. Ол кезде Ұлттық тестілеу орталығында шағын ғана сектор болып, 2 қызметкердің алдында үлкен мақсаттар қойылды. Сол сәттен бастап, ҚАЗТЕСТ қоғамның екпініне қарай шайқалмай, бір бағыт алғаннан кейін дүркін-дүркін су асты тастарына сүрінгеніне қарамастан, қазіргі таңда үлкен кемеге айналды.

Қазіргі күнде ҚАЗТЕСТ – бұл республика аймақтарына толыққанды енген үдеріс деп айтуға болады. Мақсат бір – мемлекеттік тілді түрлі себептермен меңгермеген азаматтарды, жұмыс орнында қазақ тілінде хат алмасуы қиындық келтіретін, әріптестерімен басқа тілде сөйлесетін қызметкерлерді қазақ тілін оқуға деген уәждемесін тудырып, өз деңгейін білу арқылы сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша өздігінен немесе оқыту курстары арқылы тілдік білімін жетілдіруге тарту.

ҚАЗТЕСТ деген не? деген сұраққа ресми түрде жауап берсек, ҚАЗТЕСТ – бұл Қазақстан Республикасы азаматтары мен Қазақстан Республикасы аумағында әрекет түрлерін іске асыратын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Жүйе халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің ұстанымдарына негізделген және тілдік білімді Тыңдалым, Лексика-грамматикалық құрылым, Оқылым, Жазылым сияқты сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша бағалайды.

Ең біріншіден, «ҚАЗТЕСТ» деген ұғым мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты, себебі қазіргі күнде мемлекеттік қызметтің А корпусына үміткерлер, орталық және жергілікті атқарушы органдардың барлығы КАЗТЕСТ деген не екенін білді. Шындығы керек, алғашқы кезеңде ҚАЗТЕСТ бойынша байқау сынақтардан білім саласының қызметкерлері, яғни жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, магистрант пен докторанттар өткізілсе, соңғы жылдары тестіленушілердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

ҚАЗТЕСТ-ке келсек, бұл тесттен өтудің ешқандай қиындығы жоқ, алгоритмі келесідей: диагностикалық тестілеуде 150 тапсырманың ішінен қаншаға дұрыс жауап бересіз, сіздің мемлекеттік тілді қай деңгейге жақын меңгергендігіңіз анықталады. Осы тестілеудің нәтижесіне қарай мекемеде қазақ тілін оқыту курсына баратын топтар құрылады. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін орындау үшін әр мекемеде – мемлекеттік, мемлекеттік емес, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарында – қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылуы қажет. Және бұрынғы қалыппен бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген 3 топ емес, тыңдаушыларды қарапайым А1, базалық А2, орта В1, ортадан жоғары В2, жоғары С1 деңгей деп 5 топқа бөлуі тиімді. «Айырмашылығы қандай? бұл өзгерістің қажеттілігі қаншалықты?» десеңіз, бұған да негіздеме бар. Мысалы, бастауыш тобында басқа тілде сөйлейтін қазағымыз да, басқа ұлт өкілдері де бірге отырады. Ал тілді қолдану қабілеттері жер мен көктей. Себебі, біздің тілді қолдану қабілетіміз қанымызға енген, ана сүтімен берілген, басқа ұлт өкілімен салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан, бастауыш тобын А1 және А2 топтарына бөліп, әр деңгейді меңгеруге 100-120 сағат бөлінуі жөн. Қазақ тілі ана тілі болып саналмайтын азаматтар А1 қарапайым деңгей бойынша оқу курсына қатысқаннан кейін, бір жылдың ішінде А2 базалық деңгейге көшуі тиіс. А2 базалық деңгейді көрсеткен азаматтар осы деңгейдің ең жоғары балына ұмтылып, бір жылдан кейін В1 орта деңгейге өту динамикасы байқалуы керек. Сонда ғана біздің жұмысымыз көрінеді, сонда ғана мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейеді.

Өкінішке орай, қазіргі күнде басшылықтан «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өткізілсін» деген тапсырма берілсе, кадр бөлімінің қызметкерін жауапты қылады. Ол маман бәрін жинап, қызметкерлерді ҚАЗТЕСТ-тен өткізеді, ал әрі қарай қандай жұмыс жасалынуы керек? диагностикалық тестілеудің мақсаты қандай? деңгейді не үшін анықтаймыз? деген сұрақтарға жауап ешкімді қызықтырмайды. Бүкіл жұмыс диагностикалық тестілеуден басталытыны анық шығар.

Мұнда оқытушының рөлі де өте маңызды. Өйткені адам адамға қарай ұмтылады, сыныпқа, кітапқа, әдістемеге емес. Басқа ұлт өкілдерін, тіпті басқа тілде сөйлейтін өзіміздің қандастарымыздың сана-сезімін күштеп емес, ойын түрінде қызықтырып, сыпайылылықпен жүрегін жаулап алуға дайын, қуатты, жанып тұрған ұстаз болса кем болмаймыз. Сондықтан мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік сатып алу арқылы жұмысқа қабылдайтын кезде мекеме басшылары лоттың баға анықтамалығына емес, оқытушының дүниетанымына, жаңалыққа ашық па, оқыту әдістемесі қандай, мемлекеттік стандарттарды біледі ме, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін қамтиды ма, шет тілін оқыту әдістемелерімен таныс па? - ең алдымен осы мәселелерге назар аударылуы қажет. Оқыту үдерісі бағалаумен үйлесімді болу үшін қазақ тілі курсының оқытушысы ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өтіп, осы бағытта ұйымдастырылатын семинар, курс, тренингтерге қатысуы, өз жұмысында бағалауға арналған оқу-әдістемелік құралдарды пайдаланғанын жөн.

Оқу курсы аяқталғаннан кейін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған сертификаттық тестілеуден өту ұсынылады. Бұл ҚАЗТЕСТ жүйесінің екінші кезеңі. Сертификаттық тестілеуде Тыңдалым, Лексика-грамматикалық құрылым, Оқылым бөліктерімен қатар Жазылым бөлігіне сәйкес тілдік құзыреттіліктер бағаланады. Әр сөйлеу әрекетінің түрі бойынша 60 пайыздық меже балынан өту қажеттілігі талап етіледі. Ниет білдірген азамат тестілеуден сәтті өткен жағдайда мемлекеттік үлгідегі 2 жылға жарамды ҚАЗТЕСТ сертификатына ие болады.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қазтест» жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілердің үлесін В1 деңгейінде меңгерген: 2017 жылға қарай - 25%, 2020 жылға қарай - 35%, С1 деңгейінде меңгерген: 2017 жылға қарай - 5%, 2020 жылға қарай -15% ұлғайту деп көзделген. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің пайыздық үлесі – 29,73 болса, жоғары С1 деңгейіндегі көрсеткіші – 0,78. В1 деңгейінің нәтижесі көңілге қонымды, ал жоғары деңгейге жету үшін біраз жұмыс жасау қажетті екенін айдан анық. «Әр адам ең бірінші өзімен күресу керек» деген жақсы сөз бар, бірақ бүгінгі күнде «біз В1-ге жетіп алсақ-та болады» деген пікір де жиі кездеседі. Бірақ, «ең жақсысы - жақсының жауы» деген сөз бар, біз де ең жақсы нәтижеге, яғни С1 деңгейіне ұмтылайық. Осылайшы, әр аймақ өзін басқа облыстармен салыстырмай мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін сатылай жетілдіруі дұрыс деп ойлаймыз.

Әр қызметкерде өз деңгейін анықтағаннан кейін мынадай сұрақ пайда болады: менде қандай деңгей болуы керек? Бұл сұраққа осы күнге дейін нақты жауап болмаған. Ал дәл қазір жауабы мынадай: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік құзыреттіліктерді анықтайтын ұлттық стандарттарында мемлекеттік тілді кім қай деңгейде білуі қажет екені кәсібіне, мамандығына, лауазымына қарай анықталған. Осы стандарттарға толығыр-ақ тоқтайық. Кез келген заттың немесе үдерістің үлгісі болуы тиіс және сол үлгіге қарап, басқа мемемелер мен ұйымдар сол затты шығаруы керек немесе үдерісті дұрыс ұйымдастыруы қажет. Осылайша, мектепте қазақ тілін оқытудың мазмұны білім стандартында анықталса, ересек адамдарға арналған өзінің стандарты бар. Мемлекеттік тілді «қалай оқыту керек, қалай бағалау керек?» деген сұрақтарға тікелей жауап бола алатындай қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік құзыреттіліктерін анықтайтын Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары арнайы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2015 жылдың 24 қарашадағы № 236-од бұйрығымен бекітілген. Мұндай кең ауқымды үдерісте республикадағы кезкелген мекемедегі қазақ тілін оқытуға қатысты ішкі нормативті құжаттар, басқа да стандарттар, типтік/оқу жұмыс бағдарламалары мен оқу жоспарларының барлығы осы ұлттық стандарттарға негізделуі тиіс.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабында сөз қозғалған мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі жоғарыда аталған ұлттық стандарттарында белгіленген. Әр кәсіп, мамандық және лауазым иесі сала бойынша тізіліп тұр. Мысалы, бөлім бастығы болсаңыз, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша базалық деңгейдің сертификаты, басқарма бастығы лауазымына ие болсаңыз – орта деңгейдің сертификаты болуы тиіс. Диагностикалық тестілеудің нәтижесінде әр адам мемлекеттік тілді қай деңгейде меңгергенін анықтағаннан кейін менің нәтижем өз лауазымыма лайық па? маған қажетті деңгейге қанша балл жетпейді? қандай сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша басым көңіл аударуы керек? қазақ тілін үйренуге жеке оқытушы жалдаймын ба? оқыту курсына қатысамын ба немесе өздігінен білім аламын ба? деген сұрақ қойып, шешім қабылдауы керек, себебі мемлекеттік тілді меңгеру – әр азаматтың парызы.

Қазіргі күнде Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелердің бір бөлігі мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны басқаша болуы керек деген пікірге бет бұрып отыр. Бірақ, құрметті отандастар, қазақ тілінің грамматикасы ешқашан өзгермейді, ал диалог пен мәтіндер контингентке қарай оқыту құралы ретінде қолданылады. Осылайша, қазақ тілін оқыту курсына келіп, «меня научите документы на казахском писать, а остальное мне не надо» деген оқытушыға қойылатын талапты жиі естиміз. Бүкіл әлем кезкелген тілді кешенді түрде меңгеруге көшкен жағдайда, кейбір азаматтар әлі де өтініш пен қызметтік хаттарды тек қана үлгі бойынша жазып, бүкіл жұмысты «корректор» деп әдемі атаған аудармашыларға жүктеп отыр. Мұндай өкінішті жағдайдан айырылуымыз керек сияқты.

«Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін, қазақ тілінде білім алдым, мен неге ҚАЗТЕСТ-ті тапсыруым қажет?» деген сұрақты жақсы көреді орта жастағы отандастарымыз. Қазақ тілінде еркін сөйлесеңіз, онда неден қашасыз? Керісінше, ұжымның алдында басқаларға үлгі болып, өз деңгейіңізді неге дәлелдеп шықпасқа? Және өзіңізге де қызықты болатын шығар сіз қай деңгейде білесіз, В2 немесе С1 деңгейінде ме? Тіл мамандары келсе, тіпті жақсы, сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды. Бірақ, қазіргі күнде, ҚАЗТЕСТ жүйесі жас болса да, бұл ғылыми негізделген қарқынды дамып отырған республикалық жоба деп толық сеніммен айтуға болады. 


Тізімге кері қайту

Ақпараттық материалдар

Информационные материалы

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша компьютерлік тестілеу

Download

Байланыс

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх