Бектұрсынова Нұргүл
ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы
Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының кызметкері
«Ана тілі» Ұлт газеті, 13 мамыр, 2016 ж.
Ұмытылмас әсер қалдырған жолаушы ойы…
... тақ, ... тук, тарс, тұрс еткен дыбыстан ұйықтай алар емеспін. Пойыздың даусы ма, әлде ұзақ жолдың әсері ме әйтеуір демалуыма қолайсыз болып кетті. Менің қипақтап жатқанымды байқаған ағай:
– Ұйықтай алмасаң төмен түс. Жолды қысқарталық, – дегені. Е-е-е, әңгіме айтып, уақытты өткізейік дегені ғой деп, келісе төмен түстім. Жеп отырған алмұртының жарты бөлігін кесіп беріп, әңгімесін бастады. Еліміздің барлық салалары бойынша хабары бар екені көрініп тұр. Екеуміздің де білім деңгейіміз ортақ межеден көрініп отырды. Әңгіме бірінің соңынан бірі кетіп, қыза түсті.
Расында, кез-келген қоғамдық көлікке отырсаңыз мейлі ол такси, мейлі ол автобус, пойыз болсын еститін әңгіменің тақырыбы бір. Айтатындары білімі жетпесе де саясатты қозғап, тілдің мәселесін алға тартады. Я болмаса, ақшаның құны, сол қалаға жетпей жатқан нәрсені әшкерелеп, айтқысы келеді. Тек таяқтың бір ұшына ғана мән береді, яғни жаман жақтарын халықпен бөлісу керек деген нәрсе емес қой. Неге екінші ұшына мән бермеске, неге жақсы жақтарын айтып бөліспеске деген ой түйесің. Бұлай деуімнің себебі бар.
Әңгіменің төркінінен шыға алмасақ керек, даланы қараңғылық басқанын да байқамаппыз. Терезеге қарап, ойланып отырғаным сол еді, пойыздың тоқтағанын байқадым. Бір кезде есіктен қолында ала сөмкесі бар атай кіріп келді. Қолындағы билетке бір қарап, орындардың нөміріне бір қарап абдырап тұр. Қасымдағы аға шалға көмек керек екенін сезіп, көмек қолын ұсынды. Жайғасып болған соң, ел сұрасып, жер сұраса бастады.
Шәйнекпен ағайларға шай ұсынып, өз орныма қарай көтеріліп кеттім. Үлкен кісілердің әңгімелеріне ортақтасқым келмеді.
Жөн сұрасып болған соң, еліміздегі елеулі мәселелерді алға тартты. Басшылықта отырғандар неге бұлай жасамасқа, неге олай жасамасқа... Егер де барлық нәрсенің дұрыс көзін тауып, дұрыс бағыт-бағдар берсе, мұндай мәселелер болмас еді. Тіліміздің де, дініміздің де берік бітімде тұрмағанын айтып жатты. Қария кісі өзін тоқтата алар емес. Қасындағы серігіне сөз де ұсынбады. Бағанадан бері үнсіз сөзін тыңдап отырған Берік ағай, шалға қарсы келместен, тіпті сөзін мақұлдамастан, кешірім сұрап сыртқа шығып кетті. Бірер минуттан кейін ішке кіріп:
– Ал, ақсақал, мен тек сізді тыңдап келдім. Енді менің сөзіме құлақ асарсыз. Сіздің отбасыңыз бар ма, балаларыңыз, немере, шөбере дегендей. Өзіңіздің, я болмаса солардың орындалмай жүрген мәселелері бар ма? – деп сұрақты өзіне бұрды. Сонда шал кідірместен:
– Ия, әрине, бар ғой. Бірінші ұлым үйін бітіре алмай жатыр. Қызым өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан, оның да мәселесі жетерлік. Кенже ұлым басын құрап алса дұрыс болар еді, – деп үнсіз отырып қалды.
– Е-е-е, ақсақал, көрдіңіз бе? Сіз бір отбасының қаншама ауыртпалығын көтеріп жүрсіз, әрі ол қиындықтарыңыздың шешімін де толық таппағансыз. Сонда бір елдің мәселесін қалай шешпексіз? Ауызбен айту оңай, істің байыбына бару бір басқа нәрсе. Көрінген адамға осы әңгімені көксей берсеңіз, кім жақсы ойда болады дейсіз? Сондықтан бұлыңыз тым артық. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Өмірде бәрі жақсы бола беру мүмкін емес. Тек жаманды көру де мінтетті емес қой! Сондықтан өзіңізден кейінгі жастарға үлгі-өнегеңізді өсиеттеріңізбен ұрпақ санасына дұрыс жеткізсеңіз оңды іс болмай ма? – дегені. Мен тіпті жан-жықты ойланып отырмын. Әрине, тамаша жауап!
Ақсақал шайын ішкен күйі:
– Ия, оның дұрыс қой, бірақ ... . Айтқысы келетін ауыз айтады да .... Содан соң немерелерінің қылықтарын айтып, әңгімені бұрып әкетті.
Пойыз жолдың сақұр-сұқыры басылар емес. Құдды бір сол темірдің ортасында қалып қоятын сияқты өзіңді бір сезінеді екенсің. Ұйқымды әзер ашып, төменге түссем, түндегі қария жоқ. Ағай болса көзілдірігін көтеріп қойып, газеттің әлеміне кіріп кетіпті. Қайта сәлемдесіп болған соң, қарияны сұрадым. Алайда ол кісінің өз станциясына жетіп, таң атпай түсіп қалғанын айтты. Орамалымды алып жуынуға шыққаным сол еді, пойыз тоқтап, жағымсыз үнін өшірді-ау, әйтеуір. Бірақ жуынатын бөлмелерінің жабылып қалғаны жынымды келтірді. Сыртқа шығып, таза ауа жұтып, бір сергіп қалдым. Балығы мен жемісін ұсынып жатқан әйелдер қаншама. Бәрі де бала-шағаның қамы ғой. Үңіліп келіп есікке таласқанда, ауылдағы анаң есіңе түсіп, жүрегің ауырады екен. Жә-ә-ә, оның өзі жеке қозғайтын бір әңгіме емес пе?
Купеге қайта кірсем, ағайдың қасында орта жастағы бір азамат отыр. Көзінде көзілдірік, қолында папка. Денесін тік ұстаған, маңғаз біреу дерсің өзін.
Сүт тартқыш мәшиненің бұрамасындай жолдың жүрісі күшейгеннің үстінен күшейе түсті. Қазақтың жақсы бір әдеті бар емес пе? Сәлемнің соңынан ел-ру сұрасып әңгімені өрбітетін. Таныса келіп туыс болып шығасың деп бекер айтпайтыны рас. Сөйтіп Ерлан есімді жігітіміз Берік ағайдың руласы болып шықты. Дегенмен, Ерлан жүзді білсе де, руының ара-жігін ажыратып бере алмады. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген бабалар сөзі бар екені белгілі. Ұят-ақ! Ол сауатсыздығына намыстанып та тұрған жоқ, тілінің басымдылығы орысшаға кетіп, жеткізгенінше жеткізіп жатыр. Сәлден соң қазақша білмеймін дегені. Қазақ тілін білмеген қазақ жігіті болашақ ұрпағын ұлттың патриотты азаматы ретінде қалай қалыптастырмақ деген ойда қалдым.
Берік ағай маған қарап, ауыр күрсінді де:
– Сөйлейін десем тілім келмейді, ұқсайын десем түрім келмейді деген нәрсе ғой мынауың, – деп терезеге жақындап, шайын іше берді. Сәлден соң Берік ағай жігітке қарап:
– Бауырым, сен менің руласым әрі жақыным болып келеді екенсің. Есіңде болсын! Елімізге белгілі бір маман, я болмаса жақсы қызметкер ретінде өз үлесіңді қосып жүрген шығарсың. Бірақ, бірақ ана тіліңді, руыңды, дініңді тани алмасаң, рухани соқыр болғаның. Менің саған ағалық ақылым болсын. Өзге тілді үйрен, тек ана тіліңді ұмытпағайсың! Е-е-ех, әлі де кеш емес, бауырым, кеш емес ... .
– Окимын, жазамын және балаларым да казакша окитын болады, – деді.
Ең бастысы тілге деген ниеті дұрыс. Ниеті түзу адам жақсы іске жету жолында нендей қиындықтар болса да төзеді ғой. Сөйтіп Ерлан мырза әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
– Мен ана тілімді үйреніп болған соң, міндетті түрде қорытынды шығарамын. ҚАЗТЕСТ тапсырамын, ия солай жасаймын.
– ҚАЗТЕСТ дегенді қайда тапсырасың, сен ол туралы ақпаратты жақсы білуші ма едің? – деді Берік ағай. Менде үн жоқ, қысылғанымнан оқып отырған кітабымды парақтай беріппін. Біздің жүйе туралы не айтатыны мен үшін қызық әрі маңызды болып көрінді. Сондағысы Ерлан мырзаның кідірместен Берік ағайға бар білгенін жеткізуге асықса керек:
– АҚШ-та, Ресей тәрізді алпауыт елдерде мемлекет қызметкері болуы үшін, міндетті түрде сол елдің ана тілінде тестілеу сынағынан өтеді. Ол, әрине, Қазақстанда да бар. Мен мектепте де, университетте де орыс тілі бойынша білім алдым, Сондықтан ана тілімді ұмытуға себеп болды. Сол үшін өзім де ұяламын. Шынында, біз тәрізді азаматтарға ҚАЗТЕСТ жүйесі таптырмайтын мүмкіндік. Өзіңіз де білесіз, талап бар жерде тәртіп бар, ал тәртіп бар жерде бәрі бар. Яғни нақты ережеге сай талап болса, адам соған жету үшін бәріне де ұмтылатыны сөзсіз. (Орыс тілінен қазақ тіліне аударылған түсінігі)
– Ия, оның үстіне Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауының бірінде 2017 жылға қарай Мемлекеттік тілді білетін Қазақстандықтар санын 80% дейін жеткізу міндеті тұрғанын, ал 2020 жылдағы тілдік стандартқа сәйкес олардың кем дегенде 95% құрауы тиістігін атап өтіп, енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100% Мемлекеттік тілді біліп шығады деп көрсеткені белгілі.
Билікте отырған бетке ұстар азаматтарымыз тілі мен дініне шынайы ниетпен жаны ашыса, сол кісілерден үлгі алатын халық қашан да жақтаушы емес пе? Сондықтан бұл игі жұмыстары құптарлықтай екен. Қоғамды түсініп, халықпен жұмыс жасау үшін, әрбір мемлекет қызметкеріне жауапты мәселе болмақ, – деді Берік мырза.
– Ия ҚАЗТЕСТ жүйесінде 2 кезең бойынша білім сынағын тапсырады екен. 1) Диагностикалық, 2) Сертификаттық тестілеу. Диагностикалық тестілеуде 5 деңгейдің тапсырмасы беріледі. Я ол қарапайым А1 (элементарный уровень), я ол базалық А2 (базовый уровень), орта В1 (средний уровень), ортадан жоғары В2 (уровень выше среднего) және ең жоғары деңгей С1 (высокий уровень). Мен диагностика тапсырғанда А1 қарапайым деңгей болды. Яғни, ең төменгі деңгей. Сондықтан да мен қазір курс оқып жүрмін. Сол деңгейдің сертификатын қорғау үшін әрі одан да жоғары деңгейде қазақ тілін меңгеруде жоғарғы сатысынан көрінгім келеді, – деп Ерлан мырза ойын аяқтады.
– Е-е-е, міне, азамат! Жүрегіңнің түбінде бәрібір «Мен» деген қазақ екенсің ғой. Ниетіңе жет, бауырым! Бір күні мәңгүрт болған қазаққа үлкен өнеге боларсың, – деп жымиып, иығынан қағып-қағып қойды.
Расында көпшіліктің ортасына түссең, білу керек жағдайларды көзіңмен көреді екенсің. Олардың пікірлерін естіп риза болдым. Елімізге шамамыз жеткенше пайдамызды тигізгіміз келетін біздерге бәрі де үлкен сабақ. Қаншама елде соғыс, қаншама жерде ашаршылық жағдайлары болып жатыр. Осындай бейбіт елдің азаматы болғанымызға шүкір дейік және сондай мәртебемізді сақтау үшін қай кезде болмасын бесігімізді түзетуді ұмытпайық, ағайын!
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz