20.08.2013
Қазақ тілінің грамматикалық анықтағышы мен қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулықты сабақ барысында пайдалану
Жанар Сардарбекқызы Бейсембаева
Ұлттық тестілеу орталығының
Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы
«Тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру» ҒӘЗ меңгерушісі
«Мемлекеттік тілді меңгеруге, алдымен, өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек. Еліміз¬дегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді. Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс! Мен тіл туралы мәселе – саясат мәселесі емес екенін талай айтқанмын. Саяси шешім баяғыда, Конституция мен тиісті заңдардың қабылдануымен алынған болатын. Тіл туралы мәселе саяси саудалаудың тақырыбы бола алмайды. Енді бұл – практикалық мәселе».
Н. Назарбаев
Елбасы «2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген міндет қойғаны белгілі.Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен оны стандарттау міндеті қазіргі қазақ тілін оқытудың өзекті мәселесі болып отыр. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі негізінде 2011-2012 жылдар аралығында оқу-әдістемелік кешен әзірлеп, қолданысқа енгізді. Кешеннің негізін мемлекеттік стандарттар құрайды. Мемлекеттік стандарттарға негізделген типтік бағдарлама қазақ тілінің әдіскерлері мен оқытушылары үшін практикалық тұрғыда өте ыңғайлы құрал. Кешеннің келесі бір бөлігі – ол Тақырыптық лексикалық сөздік қор. Үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген.
Кешеннің келесі бөлігі – Қазақ тілінің грамматикалық анықтағышы. Грамматикалық анықтағыштың ерекшеліктері:
- қазақ тілінің барлық грамматикалық элементтері 93 сабақта берілген;
- ережелер мүмкіндігінше терминдерсіз берілген;
- «қазір және осында» қағидасы бойынша тақырыпқа сәйкес жаттығу орындау арқылы теориялық білімді практикада машықтану қарастырылған;
- жаттығулардың барлық дұрыс жауаптары берілген.
Қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулықтар деңгейге кездейсоқ бөлінбеген. Әр деңгейде сіздің қандай сөздерді (лексикалық бірліктерді) және грамматикалық құрылымдарды меңгеру керектігіңіз, қандай тақырыптарда сөйлей алатыныңыз анық сараланған.
Қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулық өзара екі сабақпен байланысқан сегіз тараудан тұрады. Грамматикалық тақырып барынша қарапайым тілмен, функционалдық тұрғыда түсіндірілген. Оқулықта берілген грамматикалық материал мен сөздік қордың үйлесімділігі тіл үйренушіні сенімді түрде қазақ тілінде сөйлеуге дағдыландырады. Әр тарау негізгі лексикалық тақырып бойынша жеңілден күрделіге ұласатын ой қозғау, пікірін білдіру, өз ойын айту, сондай-ақ жаңа лексикалық қормен таныстыру, негізгі лексикалық тақырыпқа дайындық тапсырмаларын орындауға негізделген.
Грамматика бөлігінде қазақ тілі грамматикасының негізгі элементтері қарастырылып, сөйлеу әрекетіндегі қызметі түсіндіріледі. Өтілген грамматиканы бекіту мақсатында тыңдап түсіну мен оқып түсіну қабілетін қалыптастыруға бағытталған мәтіндерде сол грамматикалық элементтер берілген. Тыңдалым бөлігі тіл үйренушінің естігенін түсіну мен оған қатысты тапсырмаларды еркін орындау дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқылым бөлігінде ұсынылған материалдар тіл үйренушілердің өз пікірін білдіруіне, қандай да бір қорытынды жасауына мүмкіндік беретіндей қызықты әрі тартымды, танымдық мәні жоғары, күнделікті өмірмен тығыз байланысты болуына қарай сұрыптап алынған. Сабақ барысында танысқан жаңа сөздерді, грамматикалық материалды, дайын құрылымды тіл үйренушінің меңгергендігі Сөйлесім және Жазылым бөліктерінде бекітіледі.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Базалық деңгейдің бір сабағының ықшамдалған нұсқасын ұсынып отырмыз.
Лексикалық тақырып: Ғимараттар
Грамматикалық тақырып: Тәуелдік жалғаудың ІІІ жағы
1. Алдымен лексикалық тақырыпқа байланысты сөздермен танысып аламыз (сөздік оқулықтың соңында берілген).
2. Суретке сәйкес сөздерді жазыңыз.
3. Ережемен танысыңыз.
(Ереже оқулықтың қосымшасында берілген.)
Бұл көшеде «Береке» дүкені орналасқан.
Автобустың есігі ашылды.
4. Сұрақтарға толық жауап беріңіз.
1. Сабыржан сізге қандай туысқан болып келеді? Ол – менің ағамның ұлы.
2. Арайлым ше?
3. Мейірханға Кәусар ше?
4. Сіздің жездеңіз, күйеу балаңыз, жеңгеңіз немесе келініңіз бар ма? Олардың есімдері кім?
5. Сіздің ата-анаңыздың неше немересі, жиені бар?
6. Бақыттың неше інісі, жиені бар?
7. Кім кімнің бөлесі?
8. Кім кімнің жиені және жиеншары?
ОҚЫЛЫМ
2. Оқыңыз.
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ... КӨШЕ
Әлемдегі ең тар көше
Бұл – әлемдегі ең тар көше. Ол Германиядағы Ройтлинген қаласында орналасқан. Көшенің аты – Spreuerhofstraße. Ені 31 сантиметр. 1727 жылы салынды. Бұл көшемен тек кішкентай бала жүре алады.
| |
Әлемдегі ең кең көше
Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында орналасқан 9 шілде даңғылы әлемдегі ең кең көше болып есептеледі. Ол 14 жолақтан тұрады (бір жағында 7 жолақ). Ұзындығы 1 шақырым. Бұл даңғылға жүз жыл болды. 9 шілде даңғылы бойында көптеген ескерткіштер, мұражайлар, ескі ғимараттар мен қонақүйлер орналасқан.
| |
Әлемдегі ең ұзын көше
Бұл көше Канаданың Торонто қаласында орналасқан, аты - Yonge Street (Жас көше). Ұзындығы 1896 шақырым. Жас көшенің «жасы» 500-600 жыл екен. Бұндай ұзын көше басқа еш жерде жоқ.
| |
Әлемдегі ең күрделі жол айрығы
Бұл – заңгер Гарри Прегерсон жол айрығы. Лос- Анджелесте орналасқан. 1993 жылы салынды. Шынында, ол өте күрделі жол айрығы. Бірнеше көпір, көптеген көшелерден тұрады. Бір көшенің ұзындығы 10 шақырым.
| |
Әлемдегі ең қысқа көше
Суретте – әлемдегі ең қысқа көше. Атауы – Ebenezer Place. Шотландиядағы Вик қаласында орналасқан. Ұзындығы 2 метр. Бұл көшеде тек қана бір ғимарат бар. 1883 жылы салынды. Оның ішінде дәмхана мен қонақүй бар. Мекенжайы: Ebenezer Place, 1-үй.
| |
2. 1-тапсырмадағы мәтін бойынша кестені толтырыңыз.
СӨЙЛЕСІМ
1. Жұптық жұмыс.
А. 1-суреттегі көшеге атау беріңіз.
Ә. Көшеге 6 түрлі ғимарат салыңыз.
Б. Курстасыңыз сізге ма/ме сұраулық шылауларын қолданып сұрақ қояды, сіз: «Иә/Жоқ, ...»
- деп жауап бересіз. Егер дұрыс тапса, ол өз оқулығындағы 2-суретке сол нысандарды салады.
- 44-үйдің сол жағында шеберхана тұр ма?
- Иә, 44-үйдің сол жағында шеберхана тұр.
В. Орындарыңызбен ауысыңыздар.
ЖАЗЫЛЫМ
1. Қалаңыздың/ауылыңыздың бас көшесіндегі/даңғылындағы ғимараттардың орналасуын сипаттап жазыңыз.
Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі негізінде әзірленген қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулықтың мазмұны мен сапасы, әр тақырыпқа сай иллюстрациямен берілген тапсырмалар, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерінің (тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым, жазылым, сөйлесім) өзара байланысы, сөздік қор, «Артық болмас білгенің» айдары қазақ тілін үйренемін деп талпыныс білдірушілерді бірден баурап алып, өз нәтижесін аз уақыт ішінде көрсетеді деген сенім білдіреміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақ тілі оқулығы, Базалық деңгей А2, Астана: Ұлттық тестілеу орталығы, 2012
"БІЛІМ КІЛТІ - КЛЮЧ ЗНАНИЙ"
Республикалық ғылыми-әдістемелік,
педагогикалық журнал
№8(62) тамыз 2013