ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ағымдағы жылғы 9 қарашада Қазтест тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшыларының біліктілігін арттыруға арналған басқармасы «ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының мазмұны: әзірлеу және сараптау талаптары» тақырыбында республикалық онлайн курс өткізді.
Онлайн курсқа ғылыми дәрежесі магистрден кем емес 65-ке жуық ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшылары қатысты.
Осы мақсатта курста Тыңдалым, Лексика-грамматика, Оқылым, Жазылым бөліктері бойынша тәжірибесі мол, 10 жылға жуық ҚАЗТЕСТ жұмыс тобында әзірлеуші мен сарапшы ретінде еңбек сіңіріп келе жатқан тіл мамандары баяндама жасады.
Тыңдалым, Оқылым бөліктері бойынша бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Екі бөлікке де ортақ – мәтінді іріктеу, мәтінді деңгейге лайықтап бейімдеу сияқты жан-жақты теориялық мәселелер айтылып, тест тапсырмалары практикалық түрде талданды. Тест тапсырмалары сұрыптаудан өтіп, тыңдап түсіну, оқып түсіну дағдыларын нақты бағаламайтын тапсырмаларды жою ұсынылып, олардың орнын халықаралық жүйелерге сүйене отырып, өзге тапсырмалармен толықтыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Оқылым бөлігі бойынша ТРКИ, IELTS, TOEFL, TÖMER сияқты тілдік білімді бағалау жүйелеріндегі бірнеше жауаптан біреуін таңдау әдісіне сәйкес келетін тапсырмаларға талдау жасалып, ұтымдыларын Қазтест жүйесіне енгізу туралы мәселелер талқыланды.
Лексика-грамматика, Жазылым бөліктері бойынша баяндамалар статистика түрінде көпшілік назарына ұсынылып, жаңа серпін берді. Аталған бөліктер бойынша тапсырма түрлерін жетілдіру мәселелері айтылып, халықаралық тәжірибе негізінде дамыту, түрлендіру жолдары баяндалды.
Курстың соңына қарай Қазтест тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшылары өзара ойталқыға түсіп, Қазтест жүйесінің әрбір бөлігін жетілдіру бойынша пікірлерімен бөлісті.
Республикамыздың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының оқытушылары, қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген тіл мамандары қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын отандық жүйе – Қазтестті дамытуға үлес қосуға қашан да дайын екендіктерін жеткізді.
Қатысушылар тарапынан баяндамашылардың жұмысы жоғары бағаланып, мазмұнды ақпарат алғандарын, әрқайсысы өзіндік бір ой түйгендерін айтып, ұйымдастырушыларға да, баяндамашыларға да осындай маңызды іс-шараның атқарылуына атсалысқандары үшін үлкен алғыс білдірді.
Курс соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сертификаты табысталды.
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz