Дарынды оқушылар арасында қазақ тілін меңгеру бойынша республикалық олимпиада өтті
Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «ДАРЫН» Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп қазақ тілі ана тілі болып саналмайтын 5-10 сыныптарының дарынды оқушылары арасында қазақ тілін меңгеру бойынша «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты VІІ республикалық дистантты олимпидасының қорытынды кезеңін өткізді.
Олимпиаданың алғашқы кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен он-лайн режимінде 2700-ден аса дарынды оқушылар қатысып, екінші кезеңге 97 оқушы жолдама алған. Алғашқы кезеңдегі он-лайн тестілеу азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша ұйымдастырылды.
Дистантты олимпиаданың қорытынды кезеңі «ДАРЫН» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Ақмола облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында өтті. Финалдық турға Астана мен Алматы қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 40 оқушы қатысты. Тестіленушілердің ұлттық құрамы келесідей болды: орыс – 16, украин – 4, татар – 7, кәріс – 2, қырғыз – 1, шешен – 2, белорус – 3, әзірбайжан – 3 және өзге ұлт өкілдері – 3 оқушы.
Финалдық тур 5, 6, 7 сыныптар үшін бір бөлек, 8, 9, 10 сыныптар үшін бір бөлек ұйымдастырылды. Дарынды оқушылар қазақ тіліндегі тілдік материалдарды тыңдап түсіну, оқып түсіну мен қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын меңгеру деңгейін анықтау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде тестілеу әдісімен өтті.
Әрбір топтан жүлделі бірінші орындар анықталды. Республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мақтау грамоталары, сертификаттар мен қазақ тіліндегі көркем туындылармен марапатталды.