ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ
ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ДЕҢГЕЙІН
БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ – ҚАЗТЕСТ
ҚАЗТЕСТ жүйесінің мақсаты: Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасы аумағында әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау.
Міндеттері:
1. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау және анықтауға арналған тест тапсырмалары қорын қалыптастыру, жетілдіру және дамыту.
2. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша халықаралық әдістемелер негізінде тестілеуді ұйымдастыру және өткізу.
3. Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту және бағалау үрдісін ғылыми-әдістемелік жабдықтау.
4. Жүйені жетілдіру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізу.
ҚАЗТЕСТ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША
ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ДЕҢГЕЙЛЕРІ
ТЕСТ ОРЫНДАУҒА БЕРІЛЕТІН УАҚЫТ
ТЫҢДАЛЫМ – 30 тест тапсырмасы, 25 минут;
ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ БӨЛІК – 70 тест тапсырмасы, 65 минут;
ОҚЫЛЫМ – 50 тест тапсырмасы, 60 минут.
Тапсырмалардың сипаты: берілген 4 жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдау.
ЖАЗЫЛЫМ – тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыпқа байланысты эссе жазу, 30-50 минут.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ШЕТЕЛ ТІЛІ НЕМЕСЕ ЕКІНШІ ТІЛ РЕТІНДЕ ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН ТИПТІК БАҒДАРЛАМА
Типтік бағдарлама қазақ тілін бес деңгей бойынша оқыту мазмұнын анықтайтын негізгі нормативті құжат болып саналады.
Типтік бағдарламаны мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру және тандарттау
мақсатында Тіл комитеті қолданысқа енгізді.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ
ГРАММАТИКАЛЫҚ АНЫҚТАҒЫШЫ
Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде үйренуге арналған. Қазақ тілінің грамматикасы функционалдық аспектіде беріледі. Тіл үйренуші жаттығуларды «осында және дәл қазір» қағидасы бойынша орындай алады. Барлық жаттығулардың дұрыс жауаптары берілген.
ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУДІҢ БЕС ДЕҢГЕЙІ БОЙЫНША
ЛЕКСИКАЛЫҚ МИНИМУМДАР
Лексикалық минимумдардың ерекшеліктері:
1. Сөздік қордың қалыптасуына ықпал етеді;
2. Лексикалық минимумдар үш тілде тақырыптар және сөз таптары бойынша жүйеленген;
3. Бес деңгей бойынша 5060 сөз және сөз тіркесі қамтылған.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН
БЕС ДЕҢГЕЙЛІК ОҚУЛЫҚТАР
Қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулықтар тіл үйретудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген. Әр сабақта қарастырылған қазақ тілін меңгерудің түрлі әдістері сенімді түрде сөйлеуге дағдыландырады, өйткені тілді меңгеруге арналған материалдар толық қамтылған.
«ТІЛ-ҚҰРАЛ» ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫ
Қазақ тілін меңгеру деңгейін тестілеу әдісімен бағалау емтиханына дайындық үшін әзірленген ОӘҚ құрылымдық бөліктері:
- Алдын ала тест;
- Тест тапсырмаларын талдау;
- Қорытынды тест;
- Жаттығулар, қосымша ақпараттар, кілттер;
- Тыңдалым және Жазылым бөліктерінің компакт-дискідегі аудиожазбалары.
ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ
Әдістемелік құрал ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша емтиханға дайындалуға арналған. Әр тапсырманың мазмұнына байланысты талдау берілген. Тыңдалым және Жазылым бөліктері бойынша монологтер, диалогтер мен мәтіндер компакт-дискіге жазылған.
ЖАТТЫҒУ ТЕСТІЛЕРІ
Жаттығу тестілері жинағы қазақ тілін меңгерудің барлық деңгейі бойынша тест тапсырмаларынан құралған. Дұрыс жауап нұсқаларының берілуі тілдік дағдылардың қалыптасуына және ҚАЗТЕСТ-ті сәтті тапсыруға септігін тигізеді.
БАЙҚАУ СЫНАҒЫ
Ұлттық тестілеу орталығының Мемлекеттік тілді дамыту басқармасында қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін байқау сынағы қарастырылған.
Байқау сынағының өткізілу уақыты – 150 минут; дүйсенбі, жұма күндері аралығында өткізіледі.
БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАУ
«Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған интерактивті байқау тестілеуі» компьютерлік бағдарламасын www.kazakhtest.kz сайтынан жүктеп алуға болады.