Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Стандартная версия
04.06.2021

Жазылым тапсырмаларының жаңа сипаты


Жазылым тапсырмаларының жаңа сипаты

ҚР Білім және ғылым министрлігі

Ұлттық тестілеу орталығы

ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасы

Тоғызбай Нұргүл Батырбекқызы

 

Тілдің күнделікті тұрмыста қолданылу дәрежесін бағалау арқылы тіл меңгерудің деңгейін білу әлемде жан жақты тәжірибеленеді. Негізгі бағыт – тіл үйренушінің сол тілдегі ақпараттарды тыңдап немесе естіп түсіну, оқи білу мен сол тілде жаза білу және ең маңыздысы сол тілде сөйлей білу қабілеттерін бағалау. Міне, дәл осындай қағидамен құрылған ҚАЗТЕСТ жүйесі де Тыңдалым, Оқылым, Жазылым және Лексика-грамматикалық құрылымнан тұрады. Оған қоса, сөйлеу әрекеті Айтылым бөлігі тапсырмаларының тілдік дағдыларды қалыптастырудағы орнының ерекшелігі де маңызды.

Тіл үйренушінің берілген тақырыптарға қатысты ой-пікірлерін анық, нақты түрде жазбаша жеткізуін тиімді бағалау – объективті бағалау жүйесі ҚАЗТЕСТтің алдында тұрған басты міндет. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Еуропалық тілдік референттілік талаптарын басшылыққа ала отыра, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша жазылым тапсырмаларының түрлері қалыптастырылды.

Тестіленуші бірнеше рет тыңдалған немесе оқылған мәтінді сауатты жазғандығын, берілген сұрақтарға сүйене отырып, көрсетілген коммуникативтік тапсырмаға сай, ұсынылған тақырып бойынша өз атынан мәтін құрғандығын бағалауда ҚАЗТЕСТ жүйесінде бірнеше жазба жұмыстары ұсынылады және әр деңгейде жазба жұмысының түрі нақты анықталып, диктант, мазмұндама, эссе тапсырмалары болып әр деңгейге жіктеледі [1].

 

жазылым.jpg

Жазылым жұмысының сәтті шығуы деңгейге сәйкес сөздік қордың жеткілікті болуына байланысты. Сөздік қор оқылым әрекеті арқылы бойға сіңеді. Жазушылардың өзі көп уақытын оқумен өткізеді. Олар бір кітап жазу үшін кітапханадан көп материал іздеуі мүмкін. «Көп оқитын адам ғана жақсы жаза алады» – деген ағылшын әдебиет сыншысы (Самуэл Джонсон). Көптеген дереккөздеріне сүйенсек, жазылым дағдысы асықпай ойлап, баяу қимылдайтын адамдарға лайықты дағды екендігі көрсетілген. Олар әр сөйлеміне баса мән беріп, ерекше идеяларын жинақтап баяндауға тырысады және бұл істе керемет шеберлік танытады. Жазу – жинақталған мәліметтерді тізбектеп, логикалық мазмұны жағынан жүйелеп, қағаз бетіне түсіру әрекеті [2].


Жалпы тестіленушіге жазба тапсырмаларын ұсынарда басты назарға аударатын тұсы: қандай дағдыларды тексереміз? Тестіленушілерде жазылым дағдысы бойынша келесі әрекеттер қалыптасып келеді: оқылған мәтін бойынша берілген сұрақтарға жауап бере алады, диктант түрлерін, шағын әңгіме, диалогтер, жарнама, хат түрлерін, мазмұндама, газет-журналдарға мақалалар, өзекті мәселелер бойынша өз ұсыныс, пікірін жаза алады. Алайда, қазіргі таңда тестіленушілердің басым көпшілігі ересек тұлғалар болғандықтан, жазба жұмысының ішіндегі – эссе жазуға келгенде мүдіріп қалады, себебі эссе жанры соңғы кезде ғана кеңінен тарала бастаған әдіс түрі.

«Эссе» сөзі біздің тілімізге француздың және латын тілдерінің өлшеу деген сөзінен енсе, сөзбе сөз аударғанда талпыныс, жазушылық сынама, очерк деген мағынаны береді.

Эссе – соңғы пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманның  өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, рухани әлеміне азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. Оны жазуда интеллектуалдық деңгей, аңғарымпаздық, жарқын, тапқыр ойлылық, өмір саяхатындағы көрген-білгенін, сезген-түйген тәжірибелері көрініс табады.

Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікірталастар мен талас тудыратын ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән.

Эссе тақырыбы эссенің мақсатын, эссенің өн бойында не сұралып отырғандығын, қандай мәселені қозғайтындығын көрсетеді.

Эссе құрылымы

333.JPG

Эссенің басты белгілері:

ü тақырыптың немесе сұрақтың нақты болуы шарт. Көпшілік ортада талдауға түскен дау-дамай тудыратын мәселе болмауы тиіс;

ü тақырып бойынша жеке көзқарас, түсінік баяндалады;

ü мазмұнында ескерілетін басты жағдай – автордың жеке дүниетанымы, ойы мен сезімі бағаланады.

Эссе құрылымы оған қойылатын талаптармен анықталады:

1.     көтеріліп отырған мәселе бойынша эссе авторының ойы қысқаша

тезис түрінде баяндалады;

2.     жазылатын ой дәлелдермен бекітіледі, сондықтан тезистен кейін

дәлелдер жазылады. 

Дәлелдер – бұл фактілер, қоғамдық өмірдің құбылыстары, оқиғалар, өмірлік жағдай мен өмірлік тәжірибелер, ғылыми дәлелдер, ғалымдардың пікіріне сілтемелер жасалады. Әр тезистен кейін, екі дәлел жазып отырған дұрыс, бір дәлел сенімсіздік тудырса, үш дәлел шамадан тыс артық болуы мүмкін. Осылайша, эссе сақиналық құрылымға ие болады (тезистер мен дәлелдердің саны тақырыпқа, таңдап алынған жоспарға, ой дамуының қисынына байланысты өзгеріп отырады) құрылымы төмендегідей болады:

•  Кіріспе
•  тезис, дәлелдер
•  тезис, дәлелдер
•  тезис, дәлелдер
•  Қорытынды

Жұмысты орындау кезінде кіріспе және қорытындыға баса назар аудару керек (автордың пікірі жинақталып беріледі). Әр абзац арасында логикалық байланыс болып, ой бірінен соң бірі тізбектеліп баяндалады. Мысалы, мына үлгіде баяндауларды толықтыруға болады:

Кіріспе: «Менің ойымша, …»

Негізгі бөлім: «Себебі, мен оны былай түсіндіремін … », «Оны мен мына мысалдармен дәлелдей аламын …»

Қорытынды: «Осыған байланысты мынадай қорытындыға келдім …»

Эссе жазуда әр тармақтың қажетті көлемі мен мақсаттарын анықтау үшін тақырыпты түсіну маңызды. Алғашқыда негізгі ойдан немесе жарқын фразадан басталады. Баяндалатын мәселе бірден тыңдаушының назарын аударатындай жазылады. Эссе жазудың ресми ережелерінен тек бір нәрсені ғана атауға болады – ол тақырыптың болуы. Ішкі құрылымы еркін түрде жазылуы мүмкін.

Жазба жұмысында жіберілетін басты қателік – көпсөзділік. Белгілі бір уақыт ішінде көлемді, ұтымды сөзбен бір ойды бірнеше рет қайталамай, тыңдаушыны шатастырмай, басты тақырыпты жасырын қалдырмай ашып баяндаған орынды. Екінші, ұзақ болып келетін сөйлемдер. Сөйлем көлемді, ұзақ болса, соншалықты, жақсы болады дейді кейбір ғалымдар. Бір-ақ бұл шындыққа жанаспайды. Ұзыннан шұбатылған сөз автордың дұрыстығын дәлелдей алмайды, ал қысқа сөйлемдер үнемі жақсы әсер қалдырады. Сондықтан көлемді сөйлемдерден кейін, қысқа жинақы сөздермен жалғастырып отырған жөн. Түсінікті болу үшін мына жаттығуды қарауға болады. Абзацтағы сөйлемдерді әріппен белгілейсіз. Мысалы Қ (қысқа 10 сөзден тұрады), О (орташа 20 сөзден кем), Ұ (ұзын 20 сөзден артық).

Дұрыс жазылған эссе келесідей рәсімделеді: О Қ О Ұ О Қ;

Дұрыс емес рәсімделген түрі: Қ Қ Қ О Ұ Ұ Ұ.

Сонымен қатар, кітап тілінен алшақ болған дұрыс. Энциклопедиялардан алынған сөздерді алып тастау керек, оларды дұрыс пайдаланбау эссе маңыздылығын жоюы мүмкін [2].

Бұл жұмыс түрі ойыңызды тізбектеп, ретімен баяндап қағаз бетіне жазба дағдылары арқылы түсіруге арналғандықтан, болашақ жазушы немесе филологтың жұмысы сияқты емес, өзіңізді болашақ көшбасшы, менеджер ретінде сезініп жазуыңыз керек. Ісіңіздің жандануы үшін сіз өз ойыңызды, идеяңызды көрсете алуыңыз және оны еркін түрде қағаз бетіне түсіруіңіз маңызды. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша жоғарыда айтылғандай әр деңгейге сәйкес жазба жұмыстары ұсынылады. Бұл жазба жұмыс барысында тапсырушының жеке көзқарасы, шығармашылық ойлау дағдысы айқындалады. Жұмыстарды талдау негізінде ой бөліктері арасындағы логикалық байланыстың жоқтығы, жазылатын пікірдің жалпылама түрде беруі, шұбалаңқы сөйлемдер кездесіп жатады. Эссе берілген тақырыпқа қатысты тапсырушының жеке пікірін, ойын білдіретін еркін жазу түрі болғандықтан, бұл жазба жұмыста ұшқыр ой, сыни пікір, бейнелі қолданыстар ерекше орын алады. Бұл жұмыс түрлері арқылы автордың шығармашылығын, оның түсінік-пікірін,  ойын дамыту секілді дағдыларды арттыру көзделеді. Сондықтан жоғары деңгейге берілетін жазба жұмыс автордың тіл шеберлігін, жазу шеберлігін, шығармашылық шеберлігін қалыптастырушы, айқындаушы жұмыс түріне жататынын ескеруіміз керек  [3].

Жалпы мақсатқа жету үшін жазылым кезінде басшылыққа алынатындары: деңгейлік дескрипторлар, мәтін түрі, көлемі, мәтіннің заманауилығы, уақытқа сәйкестігі т.б. Сонымен қатар, тіл үйренушінің тілді қаншалықты меңгергендігі оның тіл тазалығынан көрінеді. Ал, тіл тазалығы – тіл үйренушінің сауатты жазуы мен өз ойын ауызша еркін жеткізуіндегі тілдік элементтерді дұрыс пайдаланып, жатық, анық сөйлеуінде.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ тілін оқытудың талаптарын анықтайтын ҚР СТ 1926-2015, ҚР СТ 1928-2015, ҚР СТ 1929-2015, ҚР СТ 1925-2015, ҚР СТ 1927-2015 Қазақстан Республикасының Ұлттық стандарттары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК, 2015.

2. How to Teach English? – Jeremy Harmer, Longman, 1998.

3. ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының спецификациялары: Жазылым бөлігі.


Білім айнасы:  Жазылым тапсырмаларының жаңа сипаты

 

 


Возврат к списку

Информационные материалы

Информационные материалы

Компьютерное тестирование по системе КАЗТЕСТ

Download

Контакты

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх