20.05.2013
Тілдік мәселе біздің ерік-жігерімізге тіреліп тұр
Айдос ӘБДІХАЛЫҚОВ, «ҚАЗТЕСТ жүйесі»
Ұлттық тестілеу орталығының басқарма жетекшісі
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына да өз септігін тигізіп келеді. «А» корпусына үміткер боп құжат тапсырған 2000-ға жуық азаматтың компьютерлік тестілеуден сүрінбей өткендері мемлекеттік тілден де тест тапсыру сынағына жіберілуі керек. «ҚАЗТЕСТ жүйесі» Ұлттық тестілеу орталығының Басқарма жетекшісі Айдос Әбдіхалықовтың айтуынша, олардың қатарында аудан, қала әкімдері, орталық атқарушы орган өкілдері: министрліктердегі жауапты хатшылар, комитет төрағалары мен орынбасарлары, Президент әкімшілігіндегі сектор меңгерушілері, Парламент (Сенат, Мәжіліс) аппарат мүшелері мен басшылары, Жоғарғы сот, Бас прокуратурадағы бөлім бастықтары бар. Қазіргі күні қазақ тілін меңгерудің халықаралық тіл білу талаптарына сәйкестендірілген 5 деңгейі анықталған. Олар: қарапайым, базалық (негізгі), орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлер. Жасыратыны жоқ, елімізде қазақ тілін «амандасу, қоштасу» деңгейінде білетін мемқызметкерлер де жоқ емес. Бұл арада тілдік тест қаншалықты күрделі? – Егер де сіз бен біз білетін деңгейдегі тілді айтар болсақ, онда ұсынылып отырған тест мүлдем оған жақын емес, – деп бастады әңгімесін Айдос Әбдіхалықов: – Сондықтан тілдік ахуалға байланысты Мемлекеттік қызмет агенттігі бізге қандай тапсырыс беріп отыр? Олар бізге: «Тіл меңгерудің жалпы сұрақтарын беріңіздер, ар жағын біз өзіміз анықтап аламыз» – деп ұсыныс тастады. Мәселен, үміткер 150 тапсырманың ішінен балл жинайды. Соған байланысты біз үміткердің тілді білудің қандай деңгейге жақын тұрғанын ғана айта аламыз. Мысалы, қарапайым деңгейге, базалық немесе орта деңгейге жақын дегендей ақпарат береміз. Жалпы, «А» корпусын қалыптастырудың ережесінде былай жазылған: «А» корпусы өкілдерінің конкурсқа қатысу барысында қазақ тілінде тест тапсыру нәтижесінде қазақ тілін базалық деңгейден төмен меңгергендігі міндетті конкурстың келесі кезеңіне өтуге кедергі келтірмейді. Алайда ол конкурс кезінде есепке алынатын болады» – делінген. Яғни демократиялық жолменен ешкімді мәжбүрлемей, мемлекеттік тілді меңгерудің мотивациясын жасап отыр. Менің пікірімше, бұл өте дұрыс әрі жұмсақ жасалған қадам. Бұл арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге деген уәжді арттыруға болады. – Бұдан бұрын тілдік емтиханнан аудан, қала әкімдері де өткен еді. Анығын айтсаңыз, олардың басым бөлігі қанағаттанарлық деңгейде болды ма? – Басым бөлігіне жоғарыдағыдай «қазақ тілін базалық деңгейден төмен меңгергендігі міндетті конкурстың келесі кезеңіне өтуге кедергі келтірмейді деген» мәселе тұрғысынан қарасаңыз, онда қанағаттанарлық деңгейде. Ал егерде сіз бен біз сияқты сөйлейтін деңгейге келсек, онда сіз тестті көріп, «ой, қазақ тілін меңгергенін бұлай бағалауға бола ма» деп айтуыңыз мүмкін. Жалпы, тіл меңгеру деңгейі әлемде қалай бағаланса, біз де сол әлемдік технологияны сақтап отырмыз. Олар тыңдағанын, естігенін және оқығанын қалай түсінеді, күнделікті өмірде қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын қалай пайдаланады – осылардың бәрін кешенді түрде бағалаймыз. – Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар мемлекеттік тілдің дамуына да өзіндік үлес қосып жатыр ма? – Бұл айдан анық дүние. Өкінішке қарай, қазір кез келген мемлекеттік қызмет мекемесіне барсаңыз, олар «Біз жылына осынша пайыз құжатты мемлекеттік тілде жүргіземіз, осынша пайыз жиналыстар қазақша өтеді» – дейді. Бірақ мұның негізгі төркінінің қалай боп жатқанын бәріміз білеміз. Былайша айтқанда, атқарушы хаты ғана қазақша жазылады да, оның артындағы қосымшасының бәрі орысша беріледі. Бірақ «жіберілген ісқағаздардың барлығы мемлекеттік тілде кетті» деп, есеп береді. Жылдық есептерін естісеңіз, мемлекеттік мекеме іс-қағаздарының 85-90 пайызын мемлекеттік тілде атқарған бо-лып шығады, бірақ мұның бәрі жалған ақпарат. Баяндамалар мен жиналыстардың да мемлекеттік тілде өтеді дегені әншейін сөз ғана. Мәселен, әрбір жиналыс «саламатсыз ба» деп басталады да, кейін таныстырылым болып, сосын «егер рұқсат берсеңіздер ресми тілге көшейін» дейді де, бүкіл жиынды орыс тілінде өткізеді, жиналыс соңында: «Ұсыныстарыңызға рақмет, келесі кездескенше!» деп қазақша бітіреді. – Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады? «Тілдер туралы» заңнан бөлек, «Мемлекеттік тіл» туралы арнайы заң қажет пе? – Бірден кесіп айту қиын. Өйткені оның сыртында Президенттің үштілділік саясаты мен жаһандану процесіне енуіміз тұр. Жалпы, тілді меңгеру үшін оған әрбір тіл үйренуші өзінің жүрегін ашу қажеттігін Президентіміз бір сөзінде тілге тиек еткен еді. Әрине, мақсатты өз елімнің, жерімнің мемлекеттік тілін меңгеремін деп қызығып қойса, онда нәтиже де соған сәйкес көңілге шуақ сепкендей болары хақ. Біз кезінде тек сөз деңгейінде ғана емес, іс жүзінде де өз ұсынысымызды жеткізгенбіз. Мысалы, «Тіл туралы» заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді міндетті білуі тиіс мамандықтардың, лауазымдардың, кәсіптердің тізімі жеке заңмен анықталады» – деп, жазылған. Осы тізімді біз алдыңғы жылы әзірледік. Бүкіл Қазақстанда қандай мамандықтар, лауазымдар мен кәсіптер болса, соның бәрінің тізбесін жасап, барлық министрліктермен келісіп, Премьер-министрдің кеңсесіне кіргізгенбіз. Менің қолымда облыс әкімдерінен бастап, бүкіл министрліктермен келісілген хаттар бар. Бірақ премьер-министрдің канцеляриясына кіргеннен кейін іс тоқтап қалды. «Бұл біздің тілдік саясатымызға дұрыс келмейді, біз мынандай мамандар қазақ тілін осындай деңгейде білуі керек» дегенді заң жүзінде анықтай алмаймыз» деп шықты. Бір айта кетерлігі, біздің елімізде қазақ тілін ең жоғары деңгейде Қазақстан Республикасына Президент болуға үміткерлер білуі тиіс. Естеріңізде болса, кезінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да мемлекеттік тілден емтихан тапсырған. Сол сияқты министрлер мен жауапты хатшылыққа үміткер азаматтардан да арнайы тест алуға болады. Сондай-ақ «А» корпусы, «В» корпусы, жай сарапшыларға дейін өз деңгейіне қарай мемлекеттік тілді білу дәрежесіне байланысты тест өткізуге мүмкіндік бар. Мәселен, қазіргі күні мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінен 20 шақты сұрақ бойынша тест тапсырады. Сұрақтарға келсек, олардан әртүрлі заңдардың қазақша нұсқаларын сұрайды. Мәселен, «право» сөзі қазақшаға қалай аударылады дегендей сұрақтар басым. Бұл олардың мемлекеттік тілді білу деңгейін көрсетпейді. Біздің ұсынып отырған тесттеріміз – тыңдап түсіну, оқып түсіну, жаза білу мен сөйлей білу қабілеттерін бағалайтын тапсырмалар. – Түптеп келгенде, қарапайым халықтың бәрі қазақша сөйлейді, бар мәселе тек лауазымды тұлғаларға тіреліп тұрған жоқ па? – Олай да айтуға болмайды. Мысалы, қазір мемлекеттік қызметкерлерді алсақ, олардың арасында білікті аға-апаларымыз жүр. Олар мемлекеттік тілде де, ресми тілде де бірдей сөйлейді. Өте сауатты, өз ісінің білгір мамандары мемлекеттік қызмет саласында баршылық. Бір қуантарлығы, олардың үлесі асып келеді. Бұл жерде мәселе – өзіміздің ерік-жігерімізде. Біз бұған көп ерік бермейтін сияқтымыз. Бұл арада мемлекеттік қызметшілерге арнайы талаптар болса екен дейміз. Мәселен, жиналыстардың барлығы мынандай көлемде қазақ тілінде өтуі тиіс дегендей талап енгізілсе дұрыс. – Президент 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп тапсырма берді. Бұл тапсырма қаншалықты орындалуы мүмкін? – Егер де біз жалпы 16,5 миллион халықтың бәрін алар болсақ, онда бұл сұрақ дұрыс қойылған ба, әлде жоқ па дегендей ой туындауы мүмкін. Мәселен, Қазақстанда әлі де қазақ тілін білмейтін адамдардың саны көп пе деген сұрақ туады. Бұл жердегі мәселені былай түсіну керек: жалпы бұл ересек тұрғындардың орыстілді бөлігінің, яғни орысша тәлім-тәрбие, білім алған адамдардың үлесінің 95 пайызы деп есептеуіміз керек. Жалпы, еліміздегі 16,5 миллион халықтың тура жартысы, яғни 8 миллионы – ересек тұрғындар. Сол ересек тұрғынның өңірлік ерекшеліктеріне байланысты 40 пайызы, яғни 3 миллион халық – орысша тәрбие мен білім алған адамдар. Біз тіл меңгеруі тиіс 95 пайызды сол тіл білмейтін 3 миллион халық арасынан іздеуіміз керек. Ал мұны 16 миллион халықтан іздесеңіз, бұл сұраққа ешқандай да сауалнама дұрыс жауап бере алмайды. Қазіргі күні айналамызда тек қана қазақша сөйлейтін азаматтардың қаншалықты көп екенін күнделікті өмірден көріп отырмыз. Бар мәселе – жоғарыда айтылған ерік-жігерімізде. Неге дүкенге кіргенімізде, дүкеншінің орыс екенін көре тұра, нанның қанша тұратынын қазақша сұрамасқа?! Біздің орыстар мемлекеттік тілді біледі, түсінеді. Әйтпесе «нан қанша тұрады» деген оңай нәрселерді оларға он жыл бойы не үшін үйреттік?! Әрқайсымыз ерік-жігерімізді жегіп, өзіміз қазақша сөйлесек, басқалар да қазақша сөйлей бастайды. – Маман ретінде айтсаңыз, тілдің дамуына байланысты сізде оптимистік ой басым ба, әлде пессимистік ой басым ба? – Мен жалпы өмірде оптимист адаммын. Әр нәрсенің өз шешімі болады. Оған тек уақыт пен еңбек керек. Бұл үлкен саясаттың ісі деп, қол қусырып отыра берсеңіз, ештеңе де өнбейді. Біздің «ҚАЗТЕСТ»-ті жасап келе жатқанымызға 6 жыл болды. Бір сәт те тоқтаған емеспіз. Әдістемелік жағын жетілдіру үстіндеміз, шетелдік тәжірибелі мамандарды да шақырамыз, біліктілік семинарларын да ұйымдас-тырамыз. Қайтсек те, сапаны арттыруға тырысамыз. Компьютерлік бағдарламаларын да жасап жатырмыз. Осындай еңбектің арқасында бізді «Болашақ» үміткерлерін, Мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусын тілдік талаптан өткізуге қосып отыр. Егерде біздің бағдарламамыздың сапасы болмаса, ешкім шақырмас еді. Бұл еңбегіміздің жемісі. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмшат ТАСБОЛАТ
Республикалық қоғамдық-саяси газет "АЙҚЫН"