Қазақ тілін оқытуға арналған оқулық үздіксіз білім беру моделі арқылы «Қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқыту» әдістемесі негізінде қазақ тілін меңгерудің бес деңгейі бойынша әзірленген. Оқулықта берілген грамматикалық материал мен сөздік қордың үйлесімділігі тіл үйренушіні сенімді түрде қазақ тілінде сөйлеуге дағдыландырады.
Әр тарау негізгі лексикалық тақырып бойынша жеңілден күрделіге ұласатын ой қозғау, пікірін білдіру, өз ойын айту, сондай-ақ жаңа лексикалық қормен таныстыру, негізгі лексикалық тақырыпқа дайындық тапсырмаларын орындауға негізделген.
Грамматика бөлігінде қазақ тілі грамматикасының негізгі элементтері қарастырылып, сөйлеу әрекетіндегі қызметі түсіндіріледі. Өтілген грамматиканы бекіту мақсатында тыңдап түсіну мен оқып түсіну қабілетін қалыптастыруға бағытталған мәтіндерде сол грамматикалық элементтер берілген. Тыңдалым бөлігі тіл үйренушінің естігенін түсінуі мен оған қатысты тапсырмаларды еркін орындау дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқылым бөлігінде
ұсынылған материалдар тіл үйренушілердің өз пікірін білдіруіне, қандай да бір қорытынды жасауына мүмкіндік беретіндей қызықты әрі тартымды, танымдық мәні жоғары, күнделікті өмірмен тығыз байланысты болуына қарай сұрыптап алынған. Сабақ барысында танысқан жаңа сөздерді, грамматикалық материалды, дайын құрылымдарды тіл үйренушінің меңгергендігі Сөйлесім және Жазылым бөліктерінде бекітіледі.