Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Стандартная версия
02.09.2013

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау


DSC_027311111111.jpgАйдос Абдыхаликов
ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы
Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының жетекшісі

info@kazakhtest.kz
www.kazakhtest.kz
тел. 51 83 10

Тіліміздің қолданыс аясын 
қалай кеңейтеміз?

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттыру жеке дара міндет ретінде анықталған. Осы арқылы қазақ тіліне деген мәртебені арттыру іске асырылып, тілдің қолданысын кеңейту көзделген.
Ешкімге де жасырын емес, қазіргі таңда қазақ тілінің қолданыс аясы әлі күнге дейін өз деңгейінде емес. Бұған түрлі себептер іздеуге, пікірлер жинақтауға, уәждемелер келтіруге болады. Алайда, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген Тіл туралы Заңның қабылданғанына 16 жыл болғанын ескеретін болсақ, онда мұндай негіздемелердің жекелеген адамның әлсіз субъективті пікірі екендіне енді күмән қалған жоқ. Егемендік алғаннан бастап-ақ есептейтін болсақ, орта мектептердің 4-сыныбынан бастап мектеп бітіргенген дейін, одан соң жоғары оқу орындарының (ЖОО) 1, 2 курстарында қазақ тілі сабақтары жүргізіледі. Жекелеген мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметтің барлығында дерлік практикалық немесе іскери қазақ тілі сабақтары мен курстары тағы тегін ұйымдастырылып жатқаны. Сондықтан, мен орыс сыныбында оқып едім, орыс тілді топта ЖОО-нын бітіріп едім немесе орыс тілді ортада өсіп едім деген негізсіз себептерді айту ендігі жерде ұяттау да болуы мүмкін. 2001 жылдан бері екі рет тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Екі бағдарламада да мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына ерекше мән берілген. Ол орынды да, өйткені кеңестік дәуірде тіліміздің қолданыс аясын әлсіретіп алғанымыз белгілі. Аталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі көрсеткіштері арқылы тілдік саясаттың күрмеуі қиын мәселелері шешімін тауып келеді.
Әрбір елдегі саяси шешімдер мен әр саланың стратегиялық даму бағыттары басқару вертикалі арқылы жоғарыдан төмен қарай жүріп отырып, іске асырылатынын ескерсек, мемлекеттік қызмет пен ондағы әр қызметшінің атқарылған іс-шарада өзіндік қолтаңбасы болатыны бесенеден белгілі жайт. Енді осы әр іс-шараның орындалу барысында мемлекеттік қызметшілердің хат алысу немесе бірлесіп ақылдасып, шешім қабылдап, ортақ мақсатқа қол жеткізуде бір-бірімен сөйлесуі, пікір алысуы табиғи заңдылық. Коммуникациялық құзыреттілік мәселесі әр адамға байланысты тұрғыда өзін қоршаған қоғам өкілдерімен белгілі бір тілде сөйлесе алу қабылетіне келіп тіреледі. Қазақ тілінде жаза білу, қазақ тілінде айтылған немесе естіген ақпаратын түсіне білу, қазақша мәтіндерді, шығармалар мен мақалалардың мазмұнын түсініп, саралай білу және осының барлығының нәтижесі ретінде қазақ тілінде сөйлей білу қазақ тілін меңгеру болып табылады. Тілді меңгерудің өзін қалыптасқан тілдік дағдыларының көлеміне қарай деңгейлерге бөлу ертеден үрдіске айналғаны белгілі. Бір кездерде кеңестік кезеңдерде азаматтар өздерінің шетел тілдерін қаншалықты меңгергендіктері туралы мәліметтерді «читаю и перевожу со словарем», «могу объясниться» немесе «владею в совершенстве» деп көрсететін. Шетелдерде тілді меңгеру барлығына ортақ тұрғыда А, В, С деңгейлеріне бөліп, оны одан да нақтырақ А1, А2, В1, В2 және С1, С2 деңгейлері деп бөледі. Мұндағы А деңгейі қарапайым, В деңгейі еркін және С деңгейі жетік меңгеру ретінде жоғарыда аталған кеңестік кезеңдегі тіл меңгерудің сатыларына сәйкес келеді. Шетелдік тәжірибелерде тілді білу деңгейлері адамның күнделікті өмірде тілді қатынас құралы ретінде қажеттілігіне байланысты өте терең зерделеніп, әр деңгейге сәйкес тіл үйренушінің санасында қалыптасуы немесе жатталуы тиіс сөздер, оларды қолдануы мүмкін жағдаяттар, сол жағдаяттарға байланысты оқытылуы тиіс тілдің грамматикалық тақырыптары түгелімен дәл анықталып қойған. Осы аталған міндетті болуы тиіс минимальды талаптарды белгілі нормалық құжат немесе стандарт ретінде анықтап алады да, барлық тілді оқытудың тәсілдері осы талаптарға сәйкестендіріледі. Тілді оқыту талаптарына сәйкес тіл үйренуші әр деңгейдің тілдік курстарын аяқтаған соң қандай тілдік құзыреттіліктерінің қалыптасуы қажеттілігі де анықталған. Осы тілдік құзыреттіліктер қалыптасқанда ғана тілді қарапайым деңгейде меңгерген деп айтуға болады. Бұл талаптарға қол жеткізу үшін тілді оқыту барысында тілдің қандай грамматикалық тақырыптары қамталуы қажеттілігі де анықталған. Енді осы грамматикалық тақырыптарды қалай тиімді үйретуге болады деген сұраққа әр оқу орталығы немесе жекелеген мамандар өздерінің әдістемелерін ұсынады. Міне осылай жүйелі болғанда ғана тіл оқытудың сапасы қамтамасыз етіледі.

Қағаздарын рәсімдеумен ғана шектелеміз

Йя, қазір елде мемлекеттік қызметтегі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылуы әлі де болса өз деңгейінде емес. Олай дейтініміз, барлық жиналыстар мен кеңестер қазақ тілінде басталғанымен, жұмыс тәртібінің барлығы да тек орыс тілінде жүргізіледі. Терминдер жоқ, өзге ұлт өкілдері түсінбейді, ойыңды толық жеткізе алмайсың және онан да басқа сылтауларды келтіретіндер тілімізге деген құрметтің онсыз да төмен дәрежесін одан да төмендетіліп жатқанын түсінбейтін де сияқты. Мемлекеттік органдар жыл бойы қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастырады, және оның барлығы тілді үйренемін деген адамға тегін! Сабаққа мән беріп, тілді үйренбегендіктен нәтижесі де мардымсыз. Өйткені, бүкіл саналы өмірінде тек қана орыс тілін пайдаланып келген қызметкер қазақ тілі сабақтарына келеді де, іс қағаздарын жазуға, рәсімдеуге үйренуге бағыт ұстанады. Алайда қазақ тілінде іс қағаздарын жазу мен рәсімдей білу қазақ тілін орта деңгейде немесе одан да жоғары деңгейде меңгергенде ғана мүмкін болады. Айталық, қызметтік хаттың өзін жазуды алайық. Қызметтік хаттың мазмұнындағы қаншама сөздер мен сөз тіркестері, сөйлемдердің мазмұны мен олардың бір-бірімен байланысы, негізгі ойды анықтап тұруы мұның барлығы қазақ тілін кем дегенде орта деңгейде меңгергенде ғана қолжетімді болады. Тіл оқыту орталықтары да сұранысты қанағаттандыру үшін сабақ бағдарламасын сұранысқа қарай бейімдей бастайды. Осы жерден бастап жүйе «бұзылады», яғни сұранысқа қарай бейімдеу арқылы ең қарапайым деңгейде қалыптасуы тиіс сөйлей білу дағдылары сабақ барысында қамтылмай, нәтижесінде тіл үйренуші әр тақырыптың «басын шалып», курсты аяқтап шығады. Өңірлерде орналасқан тіл оқыту орталықтары қазақ тілін оқыту бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме талабына сәйкес қазақ тілін оқытудың жұмыс-оқу бағдарламаларын Мемлекеттік басқару академиясының келісімін талап етеді. Мұндағы мамандар тілге тиек етілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік тілді үйрету деген бағытты ұстанып, жоғарыда айтылғандай сабақтың әлқиссасын ресми іс қағаздарынан бастайды. Осыдан барып, жүйесіздік туындайды, жүйесіздіктен нәтиже болмайды.
Қазақстанда азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ арқылы қазіргі таңда алдын ала байқау сынақтары арқылы белгілі бір топтағы (мекеме қызметкерлері, басшылық, жекелеген тапсырыс берушілер және т.б.) адамдардың қазақ тілін қандай деңгейге жақын меңгергендігі туралы мәліметті оперативті түрде анықтауға болады. Осының негізінде кімді қандай топта қазақ тілін оқыту қажеттігі анықталады. Одан әрі жүйелі түрде тілді оқытуды жалғастыру керек. Курс соңында тіл үйренуші қандай деңгейдің курстарын тәмамдаған болса, дәл сол деңгейдің тест тапсырмалары арқылы анықтап, сөйлеу әркетінің тыңдап түсіну, оқып түсіну, жаза білу мен қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын күнделікті өмірде қолдана білу дәрежелері тестілеу нәтижесінде белгілі болады. Әр сөйлеу әрекетінің түрі бойынша ұсынылған тест тапсырмаларының жалпы санынан 60 пайызына дұрыс жауап беретін болса, тестіленуші сол деңгейде тілді меңгергендігі әлемде зерделеніп, дәлелденіп қойған. ҚАЗТЕСТ жүйесінде де осы талап орындалған жағдайда деңгейлік сертификаттар беріледі.

ҚАЗТЕСТ байқау сынағынан кімдер өтеді?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 27 наурыздағы № 524 Жарлығына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусының кадрлық резервін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу ережесі негізінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2013 жылғы 19 наурыздағы бұйрығы бойынша «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу үшін үміткерлерге мемлекеттік тілді игеру деңгейіне талаптар қойылып, ол талап Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ арқылы орындалатыны белгілі болды. «А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары туралы» ережеде үміткерлерге «Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу өткізу нәтижелері бойынша анықталады. Қарапайым деңгейден төмен нәтиже алу үміткерді «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алуға іріктеуге әрі қарай қатысудан алып тастауға негіз болмайды, бірақ кадр резервін қалыптастыру кезінде есепке алынады» деген «жұмсақ» 17-пунктпен енді. Әрине, әкімшілік мемлекеттік қызметіне үміткерге орта деңгей немесе бірден ортадан жоғары деңгейде меңгеруді талап етуге болады, алайда кейбір өңірлік ерекшеліктерді, тілдік саясатты ескеру арқылы осындай шешім қабылданған болар. Болашақта бұл ереженің талабы жоғарылайды деген үміт басым.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен 2013 жылдың 16-28 мамыр аралығында «А» корпусына үміткерлер мемлекеттік тілді білу емтиханын тапсырды. Мемлекеттік тілді білу деңгейі жоғарыда айтылғандай, ҚАЗТЕСТ сынағы арқылы анықталды. Тіл меңгеру деңгейін анықтау сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша өткізілді. Ұсынылған 150 тест тапсырмасын орындауға 150 минут берілді. Оның ішінде 30 тест тапсырмасы тыңдалым, 70 тапсырма лексика-грамматика, 50 тапсырма оқылым бөліктеріне тиесілі. Осыған байланысты тыңдап түсіну, оқыған материалды ұғыну және қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын күнделікті өмірде қолдана білу дәрежесі анықталды.
Тестілеуге жалпы саны 1123 мемлекеттік қызметші қатысып, олардың ішінде 1072 тестіленуші – қазақ, 31 адам – орыс, 4 адам – украин, 7 адам – татар, 3 адам – ұйғыр, 2 адам – неміс, 3 адам – кәріс, 1 адам – армян ұлтының өкілдері болды. Сауалнама бойынша 1123 тестіленушінің 370-і бұған дейін ҚАЗТЕСТ байқау сынағын тапсырып көрген болса, 753 тестіленуші бірінші рет тапсырғандығын мәлімдеді.
Тестіленушілердің негізгі құрамы: орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, Конституциялық кеңес аппаратының, ҚР Президенті Іс басқармасының, ҚР Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджет атқарылуын қадағалаудың есеп комитетінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жетекшілері, ҚР Жоғары Сотындағы соттардың қызметтерін қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі, Облыстардың, астананың және республикалық деңгейдегі қала әкімдік аппараттарының басшылары, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері, Адам құқықтары бойынша Ұлттық орталық басшысы; ҚР Президентінің Іс басқарамасының сектор меңгерушілері, ҚР Парламент палаталары аппараттарының, ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің, ҚР Президентінің Іс басқарамасының, ҚР Орталық Сайлау комиссиясының, Республикалық бюджет атқарылуын қадағалаудың есеп комитетінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, ҚР Жоғары Сотындағы соттардың қызметтерін қамтамасыз ету департаментінің құрылымдық бөлімше жетекшілері; ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік органдарының басшылары, облыстардағы, астанадағы және республикалық деңгейдегі қаланың Тәртіптік кеңес төрағалары, барлық министрліктердегі Комитет төрағалары мен олардың орынбасарлары, ҚР Парламентінің Шаруашылық басқармасының басшысы және орынбасарлары, облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдері, елімізідегі барлық облыстардағы аудандар әкімдері, қалалардың аудан әкімдері; Облыстардың, астананың және республикалық деңгейдегі қаланың ревизиялық комиссия төрағалары мен олардың қызметкерлері тапсырды.
Тестілеу нәтижесі бойынша жоғары деңгей дәрежесін 8 мемлекеттік қызметші көрсетсе, ортадан жоғары деңгейге жақын 209, орта деңгейге жақын 323 тестіленуші анықталды, базалық деңгейге жақын көрсеткішті 484 адам, ал 99 мемлекеттік қызметші қарапайым деңгейге жақын нәтиже көрсетті.
Алдағы уақытқа болжау жасап, мемлекеттік қызметтің басқа да лауазымдарына осындай талаптар қойыла бастаса, қажеттілікке қарай тілді үйрену де нәтижелі бола бастайды. Олай дейтініміз, алдыңғы іс шара нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгеруге деген уәждеменің артқанын біз ғана емес, саяси шешім қабылдаушы басшылық та аңғарып, Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия жергілікті және орталық атқарушы органдардың стратегиялық жоспарына мемлекеттік қызметшілердің ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау үшін сатылы түрде тест тапсырудың мақсатты индикаторын енгізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты келесі ұсынысты алдағы уақытқа меже ретінде анықтаса мақсатқа лайық болар еді.

Осы бетімізбен 95 пайызға жете аламыз ба?

1. Жергілікті және орталық атқарушы органдардың стратегиялық жоспарына мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесін (ҚАЗТЕСТ тапсырудың нәтижесі бойынша) 2014 жылға қарай 20%-ға, 2017 жылға қарай 80%-ға, ал 2020 жылға қарай 95%-ға арттыру мақсатты индикаторын енгізу ұсынылады. Мемлекеттік қызметшілер арасында сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тестілеу ұйымдастырып, нәтижесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкес сертификат беру арқылы мемлекеттік тілді меңгеру үлесін арттыру қажет.
2. Мемлекеттік қызметтің қандай лауазым иесі мемлекеттік тілді қай деңгейде білуі тиіс деген мәселені «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23 бабына сәйкес мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін қолданысқа енгізіп, сол арқылы анықтау керек.
3. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арқылы мемлекеттік қызметке кірісу барысында, кадрлық резервін қалыптастыру және вакантты орындарға конкурс өткізу ережесіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін атқаратын лауазымына байланысты жоғарыда аталған тізбені басшылыққа алып, ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы анықтауды белгілеу керек.
Мұндағы негізгі мәселе – жоғарыда аталған мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі болып тұр. Бұл тізбе жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының инциативасымен әзірленген. Жоба әзірленбес бұрын Қазақстандағы барлық мамандықтар, кәсіптер мен лауазымдардың классификаторы зерттелді. Содан кейін атқаратын қызметтеріне қарай қазақ тілін білу деңгейлеріне сәйкестендіріліп, тізбе жобасы қалыптастырылды. Тізбе жобасы барлық мемлекеттік органдарға ресми түрде келісімге жолданып, барлық министрліктер, агенттіктер, облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері тізім жобасымен келісетіндіктерін, оған қоса ертерек тізімді заңды түрде қолданысқа енгізу қажеттігін ресми түрде хаттармен мәлімдеді. Барлық хаттардың мазмұны негізінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ҚР Үкіметіне тізбе жобасын бекітуге жолдады. Алайда белгісіз себептерге байланысты тізбе жобасын талдау немесе онымен әрі қарай жұмыс жүргізу туралы шешім шығарылған жоқ. Айтар ой – тізім жобасы дайын және оны қолданысқа енгізу болады. Мемлекеттік қызметтің барлық лауазымына кім қандай деңгейде қазақ тілін білуі керек деген сұрақтың жауабы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арқылы вакантты орындарға орналасу ережесіне белгілеп қою арқылы үміткерлерден қазақ тілін меңгерудің деңгейлік сертификаттарын талап ету болады. Орталықталынған түрде ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы мұны іске асыруға болады.
Демократиялық көп ұлтты Қазақстанда әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеру керектігін өздері түсінуі, еліміздің болашағы тек қазақ тілінде екендігін түсінуі тілдік саясаттың ең негізгі өзегі болып отыр. Қазақ тілін меңгеруге деген ынтаны арттырып, тілді оқыту барысын мүмкіндігінше жеңіл әрі қызықты, қазақ тілінде сөйлеу әрі абыройлы жағдайға дейін көтеруді бір мезетке де тоқтатпау керек.

Қаражат бөлінді, енді ниет қажет

Тіл комитеті 2011-2012 жылдар аралығында ересек тұрғындарға арналған үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқытудың стандарт-технологиясын, типтік оқу-әдістемелік кешенін, жауаптарымен берілген тапсырмаларын, компьютерлік бағдарламасын, қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлік оқулықтар, қазақ тілінің грамматикалық анықтағышын және қазақ тілінің оқытушылары мен әдіскерлеріне арнап қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламасын әзірлеп, қазақ тілін оқыту курстары оқытушыларының біліктілік арттыру бағытында семинарларда олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырып, мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей қазақ тілін оқытуды халықаралық талаптарға сай стандарттау мен оқыту әдістемесін жетілдіру бағытында бірталай шаралар атқарды.
kompleks11.jpgБұл қалыптастырылған типтік оқу-әдістемелік кешеннің барлық кітаптары баспадан шығарылып, мемлекеттік тілді оқытудың мемлекеттік орталықтарына қажетті даналарда жеткізілді, мемлекеттік тілді оқыту мәселесі біршама жүйелене бастады. Қазақ тілін оқыту стандартталған түрде деңгейлік жүйе бойынша, әр деңгейдің қоммуникативтік құзыреттілік талаптарына сәйкес оқытылатын болады. Барлық өңірлердегі қазақ тілінің оқытушылары бірыңғай әр деңгейді меңгерудің сағат санына байланысты сабақ барысында ортақ типтік бағдарлама негізге алатын болды. Типтік бағдарламадағы қамтылуы тиіс тақырыптарға сәйкес типтік оқу-әдістемелік кешеннің оқулықтары, өзге де құралдары тілді меңгеруге тиімді көмекші болады. Бұл арқылы Мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау», біріздендіру мәселесі шешімін тауып отыр.
Тіл оқыту орталықтарының негізгі тұтынушылары мемлекеттік қызметшілер екенін ескеретін болсақ, онда қазақ тілін еркін меңгеруге барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту үшін осы аталған мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жұмысын жақсартып, аккредителген орталықтар желісін құру көзделген. Аккредиттеу талаптарын біршама көз алдымызға елестетер болсақ, негізгі бір талап – ол, әр орталық қажетті оқу құралдарымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген болатыны анық. Алдын ала жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған мәселе шешімін тапқан. Енді сабақтарды оқыту сапасына ден қою керек. Ол үшін сол Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметін рейтингтік бағалау жүйесін енгізуді қолға алу қажет.
Қазақстан Халықтары Ассамблеясы бойынша әртүрлі ұлттардың мәдениет орталықтары жанынан құрылып отырған мемлекеттік тілді оқытудың курстарына, сабақтарына, жексенбілік сабақтарына да өкімет тарапынан қаражат бөлініп отыр. Осы жұмыстардың да нәтижелі болуы үшін жүйе қажет. Ол үшін де қазақ тілін меңгерудің деңгейлік талаптарын – мемлекеттік стандарттар негізінде оқытуды қолға алып, нәтижесін тестілеу арқылы бағалап, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау керек.


"ҚАЗАҚСТАН ZAMAN"
Халықаралық қоғамдық-саяси газет
№34 (955) 29 Тамыз, 2013

Возврат к списку

Информационные материалы

Информационные материалы

Компьютерное тестирование по системе КАЗТЕСТ

Download

Контакты

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх