ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ағымдағы жылғы 2-3 қарашада Қазтест тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшыларының біліктілігін арттыруға арналған «Қазтест тапсырмаларының сапасын арттыру мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн курс өткізді.
Биылғы іс-шараның ерекшелігі – осы жолы курсқа тек қана Қазтест жүйесінің Тыңдалым, Лексика-грамматика, Оқылым, Жазылым бөліктері бойынша әзірлеушілер мен сарапшылар ретінде еңбек етіп жүрген филология, педагогика ғылымдарының докторлары, кандидаттары, магистрлері қатыстырылып, бір мақсатқа – Қазтест тапсырмаларын жетілдіру мәселесіне бағытталуында болды.
Осы мақсатта курста баяндамашылары ретінде Тыңдалым, Лексика-грамматика, Оқылым, Жазылым бөліктерінің жетекшілері, сондай-ақ әрбір бөлік бойынша тәжірибесі мол, бірнеше жылдан бері Қазтест жүйесіне әзірлеушілер мен сарапшылар ретінде еңбек сіңіріп келе жатқан тіл мамандары сөз сөйледі.
Курстың алғашқы күні Тыңдалым, Оқылым бөліктеріне арналып, аталған бөліктер бойынша бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Екі бөлікке де ортақ – мәтінді іріктеу, мәтінді деңгейге лайықтап бейімдеу сияқты жан-жақты теориялық мәселелер айтылып, тест тапсырмалары практикалық түрде талданды. Тест тапсырмалары сұрыптаудан өтіп, тыңдап түсіну, оқып түсіну дағдыларын нақты бағаламайтын тапсырмаларды жою ұсынылып, олардың орнын халықаралық жүйелерге сүйене отырып, өзге тапсырмалармен толықтыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ Тыңдалым бөлігінің өзге бөліктерге қарағанда қиынырақ болу себептері айқындалды. Оның ішінде ең маңыздысы ретінде аудиомәтіннің бір рет қана тыңдалуы айтылды, мәселенің шешуі ретінде қатысушылар тарапынан аудиомәтінді екі рет тыңдату туралы ұсыныс жасалды және бұл ұсыныс мұндай тәсілдің өзге тілдік білімді бағалау жүйелерінің тәжірибесінде кездесетінімен негізделді.
Оқылым бөлігі бойынша ТРКИ, IELTS, TOEFL, TÖMER сияқты тілдік білімді бағалау жүйелеріндегі бірнеше жауаптан біреуін таңдау әдісіне сәйкес келетін тапсырмаларға талдау жасалып, ұтымдыларын Қазтест жүйесіне енгізу туралы мәселелер талқыланды.
Курстың екінші күні Лексика-грамматика, Жазылым бөліктері бойынша баяндамалар оқылды. Аталған бөліктер бойынша тапсырма түрлерін жетілдіру жолдары айтылды. Әсіресе, Жазылым бөлігінің тапсырмаларын халықаралық тәжірибе негізінде дамыту, түрлендіру мәселелері баяндамашылар тарапынан жан-жақты қарастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Осы ретте айта кету керек, Қазтест өзге тілдік білімді бағалау жүйелерімен салыстырғанда жаңа жүйе, 10 жылдан астам ғана тарихы бар. Сондықтан осындай маңызды іс-шара нәтижесінде тест әзірлеу талаптарын, мазмұнын анықтайтын Тест спецификациясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүйені жетілдіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Курс барысында Қазтест тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшылары өзара қызу пікірталқыға түсіп, Қазтест жүйесінің әрбір бөлігі бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісіп, курс соңында жүйенің әрі қарай дамуына қатысты ортақ бір тұжырымға, шешімге келді.
Республикамыздың беделді жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген тіл мамандары қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын отандық жүйе – Қазтестті дамытуға үлес қосуға қашан да дайын екендіктерін жеткізді.
Қатысушылар тарапынан баяндамашылардың жұмысы жоғары бағаланып, мазмұнды ақпарат алғандарын, әрқайсысы өзіндік бір ой түйгендерін айтып, ұйымдастырушыларға да, баяндамашыларға да осындай маңызды іс-шараның атқарылуына атсалысқандары үшін үлкен алғыс білдірді.
Курс соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сертификаты табысталды.
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz