Хабарландыру
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшыларды іріктеу бойынша байқау (конкурс) жариялайды.
Құжаттардың толық пакеті Астана қаласы, 010000, Жеңіс даңғылы, 60, Ұлттық тестілеу орталығы, ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарма, 112 кабинетте қатысушының кері мекенжайы көрсетілген өзі тапсырған немесе пошта арқылы жіберген конвертте немесе adasay_kaztest@mail.ru электронды поштасы бойынша электронды түрде қабылданады.
Құжаттардың толық пакеті ұсынылмаған жағдайда байқау комиссиясының талқылауына қабылданбайды.
Іріктеу байқауына (конкурсқа) кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын жеке тұлғалар қатыса алады.
Байқауға (конкурсқа) қатысушыларға қойылатын талаптар:
1) филологиялық немесе педагогикалық жоғары білімінің болуы;
2) «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша жоғары немесе ЖОО-нан кейінгі білімінің болуы;
3) еңбек кітапшасындағы деректерге сәйкес 5 (бес) жылдан кем емес еңбек өтілінің болуы (педагогикалық сала бойынша);
4) бірінші немесе жоғары біліктілік категориясын (мектеп мұғалімдері үшін)/академиялық және ғылыми дәрежені, ғылыми атақты (магистр, PhD доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы) иеленуі туралы куәлігінің болуы;
5) білім беру саласындағы нормативтік құжаттарды білуі (стандарттар, бірүлгі бағдарламалар);
6) білім беру саласындағы жетістіктері мен марапаттары;
7) компьютермен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру;
8) педагогикалық өлшеулердің теориялық және қолданбалы негіздерін, тест тапсырмаларының мазмұнын іріктеу қағидаларын білуі;
9) білімді тестілік бақылау әдістемесін білу қажет.
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырмаларының сарапшыларына үміткерлер ретінде кемінде 2 жыл ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының әзірлеушісі болған мамандар бола алады.
Іріктеу байқауына қатысушылардан талап етілетін құжаттар тізбесі:
- түйіндеме;
- жеке куәліктің көшірмесі;
- жоғары білім туралы, ғылыми атақты алғаны туралы дипломының көшірмесі;
- жұмыс істейтін мекеме басшысының ұсынымы (бар болған жағдайда);
- білім, жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейге қатысты құжаттардың көшірмесі (біліктілікті арттыру, ғылыми дәреже және атақ иелену, категориялар; ғылыми басылымдардың, сертификаттардың көшірмесі, кәсіби қызметін, біліктілігін сипаттайтын мінездеме, ұсыным және өзге де мәлімдемелер).
Іріктеу байқауына қатысушылар құжаттардың толық пакетін байқауға (конкурсқа) хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жіберулері тиіс.
1. Байқау (конкурс) комиссиясы құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде іріктеу байқауына (конкурсына) қатысушылардың құжаттарының талапқа сәйкес/сәйкес емес екендігі туралы шешім шығарады.
2. Шешім шығарылғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде:
- үміткерлерге әңгімелесу өтетін күн туралы;
- әңгімелесуге өтпеген іріктеу байқауына (конкурсқа) қатысушыларға байқау (конкурс) комиссиясының шешімі туралы хабардар етеді.
Хабарлама телефон арқылы немесе іріктеу байқауына (конкурсқа) қатысушылардың электронды пошталарына жіберіледі.
Әңгімелесу барысында үміткерлердің:
- мемлекеттік тілді білу деңгейі;
- Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақ Республикасындағы тілдер туралы» заңдарды, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын білуі;
- қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін білу деңгейі;
- педагогикалық өлшеулердің теориясы мен практикасын меңгеруі тексеріледі.
3. Үміткерлермен әңгімелесу әңгімелесуге кіруге рұқсат беру шешімі шығарылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде өткізіледі.
4. Әңгімелесуден кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде өткізілетін байқау (конкурс) комиссиясының қорытынды отырысында құжаттар мен әңгімелесудің нәтижесі бойынша үміткерлердің арасынан тапсырмаларды әзірлеуші мен сарапшыларды іріктейді.
5. Байқау (конкурс) комиссиясының хатшысы іріктеу байқауының нәтижесін үміткерлерге 2 (екі) жұмыс күні ішінде хабарлайды.
6. Байқау комиссиясының шешімі мен іріктелген үміткерлер тізімі байқау комиссиясының қорытынды отырысынан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде ҚАЗТЕСТ-тің www.kazakhtest.kz ресми сайтында жарияланады.
Байқаудан іріктелген қатысушыларға тест тапсырмаларын әзірлеуге тапсырыс беріледі (әзірлемешілерге).
Әзірлеушілер мен сарапшылар:
- Ұлттық тестілеу орталығынан орындалған жұмыс туралы анықтама алуға;
- орындалған жұмыстардың акті негізінде еңбекақы алуға құқылы.
Қосымша деректерді 8 (7172) 69-50-84 телефоны арқылы алуға болады.
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz