Кез келген білім беру өнімінің артықшылығын, мүмкіндіктері мен жетістіктерін толыққанды ашатын бірден бір тетік – көрме. Көрме қарым-қатынастың бірнеше элементтерін қамтиды: жарнама, қоғамдық пікірді қалыптастыру, жеке байланыс орнату, сұранысқа ие болғанын анықтау, сол өнімді қолдануды насихаттау.
Осылайша, жыл сайын елімізде «Білім және ғылым» атты Қазақстандық Халықаралық көрме ұйымдастырылып отырады. Көрменің мақсаты: білім беру мен ғылым жетістіктерін көрсету, жоғары оқу орындары мен жаңа мамандықтарды ұсыну, шетелдік білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу.
100-ден астам алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарының ашық есік күндерін өткізуі «Білім және ғылым – 2017» XV Қазақстандық Халықаралық көрмесінің ерекшелігі болады. Көрмеде отандық және алыс-жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарына түсу талаптары, дайындық курстары, халықаралық студент алмасу бағдарламалары жөнінде ақпарат алуға болады.
Өз кезегінде, көрмеге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК (бұдан әрі – ҰТО) қатысады. ҰТО ұсынатын жобалардың бірі – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ өз таныстырымын көрсетеді. Көрмеде байқау тестілеуін өткізу жоспарланып отыр. Көрмеге қатысушылар, оның ішінде шетел қонақтарды қызықтыратын, ақысыз қазақ тілі меңгеру деңгейін анықтауға арналған байқау сынағы өткізіледі. Сонымен қатар, сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша тиісті балл көрсетілген анықтама беріледі. Тест қазақ тілін тыңдап түсінгенін, оқып түсінгенін және лексика-грамматикалық білімін бағалайтын 150 тапсырмадан тұрады. Мысалы, «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер анықтамада көрсетілген деңгейі бойынша ҰТО-ға келіп, сертификаттық тестілеуге қатыса алады. Лек бойынша тестілеумен салыстырғанда, бірнеше жылға жарамды мемлекеттік үлгідегі сертификат қолына алған тиімдірек.
Сонымен қатар, ҚАЗТЕСТ форматының өзгеруі, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту үдерісінде ҚАЗТЕСТ жүйесін қолдану аясында кеңес беру, емтиханға дайындық жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Көрме өткізу мерзімі: 2017 жылғы 22-24 қараша аралығында.
Өткізілу орны: Астана қаласы, «Көрме» орталығы, Сол жағалау, Достық көшесі, 3.
Байқау сынағына қатысқысы келгендерді көрмеде күтеміз!
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz