Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Қалыпты нұсқасына көшу
Дәстүрлі ҚАЗТЕСТ семинары өтті


1 тилеп кобыз1.jpg

Астана қаласында Тілеп Қобыз Сарайында ҚАЗТЕСТ жүйесінің дәстүрлі семинары өз жұмысын аяқтады. Жыл сайынғы ұйымдастырылатын семинарлардың мақсаты – қазақ тілін өзге тілді азаматтарға оқыту, үйрету әдістемелері, тіл білімін бағалау тәсілдері бойынша ғылыми, әдістемелік пікір алмасу, тәжірибе бөлісу алаңын қалыптастыру арқылы тіл мамандарының, ҚАЗТЕСТ сарапшыларының біліктілік дәрежесін арттыру. Ғалымдар, әдіскерлер тарапынан әртүрлі әдістемелер жыл сайын жарық көріп отырады. Алайда олардың ішінде тіл меңгеру барысында тиімді, ыңғайлы, көңілден шығатындары саусақпен санарлық қана болады. Дегенмен, ізденіс пен жаңашылдық ойлар тоқтап қалмайды, жалғасып отыруы – ол өмірдің заңдылықтары.


Қазақ тілін белгілі себептермен меңгермеген, немесе оқып, үйреніп, өз елімнің тілінде сөйлесем деп ықыласты боп жүрген азаматтар үшін барынша қолайлы жағдайлар туындату негізгі мақсат болғандықтан, ҚАЗТЕСТ жүйесі бірнеше жылдан бері осы салада бой көтеріп келеді. Тіл меңгеру деңгейін бағалаудың әлемде мойындалған TOEFL сияқты құралдарына ұқсас отандық қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі 2016 жылы 10 жасқа толып отыр. Мерейлі 10 жылда атқарылған жұмыстар да аз емес. 10 жасқа келген баланың  өз ойын толық білдіре отырып, болашақта өзін қандай мамандық иесі ретінде көргісі келетіндігін анық айтатынындай, он жылдық тәжірибе барысында ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізі қаланып, ұстанымы қалыптасты. Қазақ тілін оқыту, үйрету, меңгерту әдіснамасы саласында өз орнын иеленді.ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы анықталып, ғылыми негіздемелеріне сай даму сатыларынан өтіп келе жатыр. 150-ден астам ғалымдардан құралған ҚАЗТЕСТ жүйесін дамытудың жұмыс тобының еңбектері өз жемісін беріп отыр. Алғашқы рет қазақ тілін меңгерудің деңгейлер бойынша талаптарын анықтайтын стандарттар қолданысқа енгізіліп, оқыту әдістемелері мен тіл меңгеру деңгейін бағалау жүйеленді. Тапсырмалардың ерекшеліктерін сипаттайтын негізгі құжат анықталып, тек соның негізінде ғана тест сұрақтары әзірленетін алгоритм белгіленді. Тапсырмалардың қазақ тілінде сөйлеуге алып баратын қандай дағдының қалыптасуына ықпал етіп әзірленгені туралы тапсырма стратегиясы белгіленген. Тапсырма дайындаудың әр кезеңі сайын байқау сынақтары мен соған сай сараптамалық жұмыстар жүргізудің бағыт-бағдары сызылған, яғни тапсырмаға жауап беру барысындағы нәтижелердің әртүрлілігіне қарай түрлі сценарий қалыптасқан.


2.JPG

Тегінде, адам баласы бір тілде сөйлеп кетуі үшін алдымен, сол тілдегі сөздерді естіп, сол тілде материалдарды оқып, жазып үйреніп, содан кейін ғана айтып не сөйлеуді бастайды. Міне осы процесс тіл үйренуде белгілі бір салаларға, бөліктерге бөлінген: Тыңдалым (естіп, тыңдап түсіну), Оқылым (оқып түсіну), Жазылым (жаза білу) мен Сөйлесім немесе Айтылым (сөйлей не айта білу).


ҚАЗТЕСТ бөліктері дәл осылай аталуы да заңдылық. Он жылдық тәжірибеде 150 000 аса тест тапсырмалары қалыптасты. Қоғамымыздың кез келген азаматын оның әлеуметтік топ санатына, жасына қарамастан қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік қалыптасты.


Алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім стипендиясына үміткерлерді іріктеу барысында олардың қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін 2008 жылы қолданысқа енгізілді. 2013 жылы мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдары «А» корпусына үміткерлер үшін енгізілді. Қолданысқа енгізіп отырған мекемелер, ұйымдар мен қоғамның әр салаларының саны артып келді.


ҚАЗТЕСТ тапсырмаларына жауап беру үшін байқау сынақтарынан соң тест тапсырушылар алдымен дайындықтарын пысықтауға кіріседі. Бұл ретте, тапсырмаларға дұрыс жауап беру тәсілдерін іздестіретіні анық. Ал ол қазақ тілін үйренуге алып келеді, яғни тұнып тұрған әдістеме. Сондықтан ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының қасынан оған дайындалу үшін біртұтас әдістеме әзірленді.


3.JPG

Тестке дайындық кітаптары, оқулықтар, лексикалық, грамматикалық минимумдар, компьютерлік бағдарламалар тұтас бір әдістемені қалыптастырды. Әдістеменің негізгі құжаты – ол қазақ тілін білудің талаптарын белгілейтін мемлекеттік стандарттар. Одан барып, стандарттарға сәйкес деңгейлік курстардың бағдарламасы, оқулықтар мен тест тапсырмалары бір-бірін толықтырып отыр.


Биылғы семинарға арқау болған осы стандарттар мен оқулықтардың жаңа басылымдары еді. Бірнеше жылғы тәжірибеден стандарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ұлттық стандарттар болып қайта қолданысқа енгізілуі құжаттың өміршеңдігін дәлелдейді. Стандарттарға негізделген бірүлгі бағдарлама өз кезегінде, қазақ тілінің әдіскері мен оқытушысына таптырмайтын құрал болады. Бағдарламада әр деңгейге сәйкес тілдің материалдардың жүйесі беріледі.


Қарапайым және Базалық деңгейлерге арналған оқулықтардың мазмұны қазақ тілін үйренушінің қажеттілігін толық қанағаттандырады. Олай дейтініміз кітаптардың 2012 жылғы баслымынан кейін еліміздің барлық өңірінде орналасқан қазақ тілін оқыту орталықтары осы кітаптарды жаппай қолданып келеді. Кітаптарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар олардың практикада тікелей қолданысынан туындады. Тіл үйренушілер тарапынан оқулықтарға деген сұранысын сол кітаптарды сұрастырып, қолданып жүргенінен білуге болады.


4.JPG

Семинардың алғашқы күні ұлттық стандарттардың ерекшеліктері мен алдыңғы баслымынан өзгешелігі баяндалды. Осы ретте профессор Зейнехан Сейтханқызы Күзекова ұлттық стандарттардағы тіл құрылымының бес деңгей бойынша бөлініуін, лексикалық тақырыптардың тұтастығын, функционалдық аспект тұрғысынан әр деңгейдің стандарттарынан ашып көрсетті. Тыңдаушылар тарапынан әр тақырыпқа практикалық тұрғыда қолданысын нақтырақ мысалдар арқылы түсіндіру ұсыныстары түскен соң, жаттығулар мен мысалдар топтамасы да келтірілді.


Екінші күнгі семинар жұмысы қазақ тілін оқыту мен үйретуге арналған қолданыстағы бар бірүлгі бағдарламаларды саралаудан басталды. Профессор Айман Мырзалықы Алдаш өз тәжірибесіндегі қазақ тілі сабақтарына оқытушы статусында кірер алдындағы бірүлгі бағдарламалардың орнын, маңыздылығын тағы да бір еске салып өтті. Қазақ тілін меңгергісі келетін ересек азаматтарға арнап әзірленген осыған дейінгі бағдарламалардың тым осалдығы мен қолданысқа ыңғайсыздығы көзге көрініп тұрғанын ешкім де жоққа шығармады. 2012 жылғы алғаш рет қолданысқа енгізілген бірүлгі бағдарлама Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының қазақ тілін оқыту әдіснамасын стандарттау және жүйелеу міндетін іске асырудың алғашқы қадамы болғаны көзге ерекше түсіп тұрды. Бірүлі бағдарламаны тек тіл оқыту орталықтары ғана емес жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамы да көріп, қызығушылық танытты. Алайда, білім саласында оқыту бағдарламалары өзге болғандықтан, амал жоқ ешбір тиімділігі жоқ, ескі әдістемемен, ескі бағдарламадан ауытқып кете алмайтындықтарын айтып, бірүлгі бағдарламаның бағытын ғана өздерінің тәжірибе қоржындарына салып, түйсіктеріне түйіп отырды.


Екінші басылымдағы бірүлгі бағдарлама мазмұны әр деңгейдің материалдарын жеке-жеке бөліп беріуімен ерекшеленді. Сөйлеу ниеттеріне қарай қандай жағдаяттарда тіл үйренушінің коммуникациялық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қандай тілдік материалды беру қажеттілігі белгіленген. Бағдарламаға сәйкес жұмыс, авторлық тағы да басқа бағдарламалар жасаудың мүмкіндігі баяндалды.


5.JPG

Үшінші күнгі семинар жұмысы А1 және А2 оқулықтарын әзірлеу жұмыс тобын таныстырумен басталды. Авторлық құрам мүшесі Айдар Қалайбердіұлы Балабеков алдыңғы күндердің еншісінде қалған теориялық негіздемелерді практикалық сабақтармен жалғауды бастады. Алдымен, Қазақстанда да жарық көріп отырған осындай оқулықтардың негізі болатын ағылшын тілін үйренуге арналған танымал оқулықтардың тәжірибелерін, тиімділік коэффиценттері туралы мәліметтермен бөлісті.


Тыңдаушыларға өте жақын практикалық сабақтар өте қызықты әрі таңырқау сезімдерінде өрбіді. Оқулықтарға арқау болған жаңа сабақтар мазмұны, олардың қандай дағдыларды қалыптастыруға бағыт алғандығы, жаттығулар мен тапсырмалар ерекшелігі мен олардың қолданыста «жұмыс істейтіндігі» әңгімеленді. Топпен, екеуара жұмыс жатығулары шынайы түрде таныстырылды. Оқытушының рөлі, тіл үйренушінің әдеттегі іс-қимылы, әрекеті өз тәжірибесінен статистикалық мәліметтермен нақтыланды.


Үш күндік семинар жұмысы тыңдаушылардың семинар авторларына деген, ұйымдастырушыларға деген ризашылығымен ұласты. Әр ғалымға қазақ тілін оқыту әдіснамасын дамытуда қосып отырған үлестерін қолданушылар тарапынан алғыстарын жаудырып, ал практикалық сабақ шеберіне басқа өңірлерге келіп, шеберлігімен бөлісуі туралы ұсыныстармен ұласты.

Тыңдаушылар тарапынан келесі ұсыныстар келесі кезектегі жұмыстарға негіз болатындай:

1. Тіл комитеті арқылы В1 және В2 оқулықтарының екінші басылымын 2017 жылы баспаға әзірлеу;

2. Екінші басылымдағы А1 және А2 оқулықтарын барлық орталықтарға қажетті данада қамтамасыз ету;

3. Оқулықтарға арқау болатын шеберлік сабақтарын онлайн режимінде өткізіп, тәжірибе бөлісу;

4. Интернет ресурстарға бейне сабақтарды орналастыру;

5. Тыңдаушылар ретінде мемлекеттік емес орталықтарды да шықыру;

6. Орталықтардың қауымдастығын құру.


6.JPG      Семинар жұмысында көз жеткен нәтижелерге қарап тұрып, семинар жұмысына қолдау білдірген Ұлттық тестілеу орталығының басшылығына алғыс білдіреміз. ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту бағытындағы әдістемелік көмек жұмыстары өз жемісін беретіні анық. Осы ретте енді ғана бірте-бірте қолданысқа енгізіліп келе жатқан отандық жас жүйенің дамуына үлес қосып отырған барша ғалымдар, әдіскерлер, оқытушылар, тіл мамандары, тіл мәселесі бойынша атқарушы органдардағы жауапты мамандар, жұмысшы топ қауымдарына шын жүректен алғысымызды білдіреміз!


Фотогалерея




Тізімге кері қайту

Ақпараттық материалдар

Информационные материалы

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша компьютерлік тестілеу

Download

Байланыс

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх