ОҚЫЛЫМ БӨЛІГІ
1-мәтін
Эвкалипт – ең биік, жасыл ағаш. Оның Австралия мен Тасманияда 500 түрі кездеседі. Биіктігі 80-100 метр болады. Эвкалипт 500 жыл өмір сүреді. Одан қағаз жасайды. Жапырағында эфир майы болады. Эфир майын медицина мен парфюмерияда қолданады. Ол ауаны тазартады. Эвкалипт ағашы тез өседі. 15 жылда оның биіктігі 15-20 метрге жетеді. Эвкалипт ағашын түрлі мақсаттарға қолдануға болады. Оны әшекейлер жасауда, орман материалдарын өндіруде қолданады. Бұл – күшті антисептикалық және дезинфекциялық зат. Майы бірқатар ауруларды емдеу үшін пайдаланылады. Эквалипт ағашының отаны – Австралия. Сондай-ақ ол Жаңа Гвинея мен Индонезияның кейбір аймақтарында кездеседі.
1-мәтін бойынша тест тапсырмалары:
1. Mәтінге сәйкес емес ақпаратты табыңыз.
A) Эвкалипт ұзақ өмір сүреді.
B) Эвкалипт майы пайдалы емес.
C) Эвкалипт Жаңа Гвинеяда да өседі.
D) Эвкалиптті әшекейлер жасауда қолданады.
2. Mәтін мазмұнына сәйкес тақырыпты таңдаңыз.
A) Эфир майы
B) Энергия көзі
C) Эвкалипт ағашы
D) Эвкалипттің отаны
3. Mәтінде жауабы жоқ сұрақты табыңыз.
A) Эвкалипт қайда өседі?
B) Эвкалипт майы пайдалы ма?
C) Эвкалипттің қандай түрлері бар?
D) Эвкалипт қанша жыл өмір сүреді?
4. «Биік» сөзіне мәндес қатарды көрсетіңіз.
A) өте
B) ауыр
C) зәулім
D) жіңішке
5. Aйтылуы жіңішке сөзді табыңыз.
A) май
B) биіктік
C) жапырақ
D) материал
6. «Әлсіз» сөзіне қарсы мәндес сөзі бар сөйлемді табыңыз.
A) 15 жылда оның биіктігі 15-20 метрге жетеді.
B) Оның Австралия мен Тасманияда 500 түрі кездеседі.
C) Бұл – күшті антисептикалық және дезинфекциялық зат.
D) Майы бірқатар ауруларды емдеу үшін пайдаланылады.
2-мәтін
Ителгі – сұңқар тұқымдасына жататын өте сирек кездесетін құс.
Oның 6 түрі белгілі. Соңғы мәліметтер бойынша әлемде 12-30 мың ителгі тіршілік етеді. Қазақстанда тек бірнеше жүз жұбы өмір сүреді. Қысқы мерзімде Шығыс Африкаға, Таяу Шығысқа және Оңтүстік Азия елдеріне қоныс аударады.
Ұрғашылары еркектерінен үлкенірек болады. Жүнінің негізгі түсі қоңыр. Табиғатта 18-20 жыл өмір сүреді.
Ителгі – бүркіттен кейінгі аң аулайтын жыртқыш құстарының бірі. Өз олжасын биік жерде отырып аңдуды ұнатады. Жануарға тігінен құлап, тырнақтарымен ұрып өлтіреді. Аң аулау кезінде ұшу жылдамдығы 200 км/сағ дейін жетуі мүмкін.
Kөбінесе сарышұнақ, аламан, қосаяқ, тышқанмен қоректенеді. Ителгілер өз ұяларын салмайды. Олар ірі құстардың қараусыз қалған ұяларын иеленіп алады.
Cоңғы жылдары ителгінің саны айтарлықтай азайды. Бұл – браконьерлердің кесірінен болып жатқан жағдай. Олар құстарды тікелей ұя салатын жерінен ұстап, қымбат бағаға сатады.
2-мәтін бойынша тест тапсырмалары:
7. Mәтінде жауабы бар сұрақты табыңыз.
A) Ителгінің салмағы қандай?
B) Браконьерлер қанша ителгіні жойды?
C) Ителгінің өмір сүру ұзақтығы қандай?
D) Қазақстанда ителгінің ұясы көп қай аймақ?
8. Mәтіндегі негізгі ойды табыңыз.
A) Ителгі жыл құстарына жатады.
B) Бұл құстың Қазақстанда саны өте аз.
C) Ителгі бағалы құс болғандықтан, саны азайып бара жатыр.
D) Ителгі – бағалы, сирек кездесетін аңшылардың сүйікті құсы.
9. Mәтіннің ақпараттық сипатын анықтаңыз.
A) Талдау
B) Баяндау
C) Суреттеу
D) Қорытындылау
10. Mәтіндегі ақпараттың берілу ретін анықтаңыз.
A) сирек кездесетін құс, өмір сүру жасы, аңшы құс, санының азаюы
B) бағалы құс, ұшу жылдамдығы, қысқы қонысы, сирек кездесетін құс
C) ұяларының ерекшелігі, құстың пайдасы, жүнінің түсі, қымбатқа сатылуы
D) сұңқар тұқымдас құстар, Оңтүстік Азия елі, қоректенудегі ерекшелігі, олжалы болуы
11. Cөйлеушінің пікіріне сәйкес мағынаны көрсетіңіз.
Aң аулау кезінде ұшу жылдамдығы 200 км/сағ дейін жетуі мүмкін.
A) келісу
B) болжау
C) бұйыру
D) сенімділік
12. Aсты сызылған сөз тіркесін алмастыра алатын сөзді белгілеңіз.
Қысқы мерзімде Шығыс Африкаға, Таяу Шығысқа және Оңтүстік Азия елдеріне қоныс аударады.
A) көшеді
B) барады
C) ұя салады
D) ұшып кетеді
13. Iс-әрекеттің себебін білдіріп тұрған сөйлемді табыңыз.
A) Жануарға тігінен құлап, тырнақтарымен ұрып өлтіреді.
B) Бұл – браконьерлердің кесірінен болып жатқан жағдай.
C) Олар ірі құстардың қараусыз қалған ұяларын иеленіп алады.
D) Ителгілер өз ұяларын салмайды, сондықтан басқа ұяларды иеленеді.
14. Белгісіздік мәнді сөйлемді көрсетіңіз.
A) Қазақстанда тек бірнеше жүз жұбы өмір сүреді.
B) Жануарға тігінен құлап, тырнақтарымен ұрып өлтіреді.
C) Көбінесе сарышұнақ, аламан, қосаяқ, тышқанмен қоректенеді.
D) Соңғы мәліметтер бойынша әлемде 12-30 мың ителгі тіршілік етеді.
15. Aсты сызылған тіркестің мағынасын анықтаңыз.
Cондықтан құсбегілердің ең сүйікті жыртқыш құстарының бірі.
A) демеу
B) келісу
C) күшейту
D) нақтылау
16. Cалыстыру мәнінде берілген сөйлемді көрсетіңіз.
A) Қазақстанда ителгінің саны өте көп.
B) Ұрғашылары еркектерінен үлкенірек болады.
C) Өз олжасын биік жерде отырып аңдуды ұнатады.
D) Ителгі – сұңқар тұқымдасына жататын сирек кездесетін құс.
3-мәтін
Бүркіттің балапаны ұясынан айналасына қарап отыратын. Бұл оның жақсы көретін ісі еді. Сөйтіп ол төменде жартастар арасында ұшып жүрген құстарды көреді.
– Анашым, бұл қандай құстар? – деп сұрайды ол.
– Олар – біздің досымыз. Бүркіт жалғыз өмір сүреді. Оның тағдыры сондай. Бірақ ол да кейде қасында жақындарының болғанын қалайды. Әйтпесе ол қалай құстардың патшасы болмақ?! Сенің төменде көрген құстарыңның барлығы – біздің адал достарымыз, – деп жауап береді анасы.
Бүркіттің балапаны анасының жауабына қанағаттанады. Сөйтіп ұшып жүрген құстарға ары қарай қызығып қарай береді. Бір кезде ол айқайлап жібереді:
– Ой-ой, олар біздің тамағымызды ұрлап кетті ғой!
– Тыныштал, балапаным! Олар бізден ештеңе ұрламады. Мен оларға өзім бердім. Мен саған бір ақыл айтамын. Оны өмір бойы жадыңнан шығарма! Бүркіт сонша аш болса да, өз тапқанын көрші тұратын басқа құстармен бөлісуі керек. Осындай биіктікте басқа құстарға тамақ табу қиынырақ болуы мүмкін. Сондықтан оларға көмектесу қажет. Кімде-кім өзінің адал достары болғанын қаласа, ол басқаларға мейірімді, шыдамды бола білуі тиіс. Олардың қажеттіліктерін біліп, әрқашан қол ұшын созуы керек. Абырой мен құрмет күшпен келмейді, жомарттықпен келеді. Бір үзім нанды басқалармен бөлісіп жей алатын болсаң, адал досың көп болады.
3-мәтін бойынша тест тапсырмалары:
17. Cөйлемнің қандай мәнде берілгенін табыңыз.
– Ой-ой, олар біздің тамағымызды ұрлап кетті ғой!
A) өкіну
B) қуану
C) шаттану
D) ашулану
18. Mәтін мазмұнына сай негізгі ойды білдіретін сөйлемді табыңыз.
A) Қыран құс – құстардың патшасы.
B) Мейірімді жанның адал досы көп болады.
C) Қыран құстар тек биік жартастарға ұя салады.
D) Бүркіт балапанының айналасына қызығушылығы жоғары.
19. Mәтін мазмұнына сәйкес келетін тақырыпты белгілеңіз.
A) Балапан
B) Биік жартас
C) Құстар әлемі
D) Бүркіттің ақылы
20. Aсты сызылған тіркеске мағыналас сөзді көрсетіңіз.
Oлардың қажеттіліктерін біліп, әрқашан қол ұшын созуы керек.
A) қолдау
B) көмектесу
C) кеңес беру
D) сенім арту
21. Mәтіндегі ақпараттың берілу ретін анықтаңыз.
A) бүркіттің балапаны, құстардың патшасы, ақыл айтады, әрқашан қол ұшын созады
B) біздің досымыз, айқайлап жібереді, шыдамды бола білу, қызығып қарай береді
C) айналасына қарайды, жомарттықпен келеді, көп болады, жауабына қанағаттанады
D) тамағын ұрлайды, басқалармен бөліседі, жартастар арасында, жадыңнан шығарма
22. Шартты мәнді сөйлемді табыңыз.
A) Олардың қажеттіліктерін біліп, әрқашан қол ұшын созуы керек.
B) Бүркіт сонша аш болса да, өз тапқанын көрші тұратын басқа құстармен бөлісуі керек.
C) Кімде-кім өзінің адал достары болғанын қаласа, ол басқаларға мейірімді, шыдамды бола білуі тиіс.
D) Анасының жауабына қанағаттанған бүркіттің балапаны ұшып жүрген құстарға ары қарай қызығып қарап отырды.
23. Mәтін мазмұнына сәйкес келетін мақалды табыңыз.
A) Сөзіңе ісің сай болсын.
B) Ұясын ұнатпаған құс оңбас.
C) Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын.
D) Ащының дәмін татпай, тәттінің дәмін білмейсің.
24. Mәтінде жауабы жоқ сұрақты табыңыз.
A) Қыран құс балапанына нені үйретті?
B) Кімнің адал, жанашыр досы көп болады?
C) Адам құрмет пен абыройға қайткенде ие бола алады?
D) Көрші тұратын басқа құстар қыранның балапанына не істеді?
25. Mәтін мазмұнына сәйкес келмейтін ақпаратты табыңыз.
A) Бүркіт балапанына басқа құстарды үлгі етті.
B) Жалғыз өмір сүруді тіпті бүркіт те ұнатпайды.
C) Бүркіт балапанына басқаларға қамқор болуды үйретті.
D) Достарың адал болсын десең, өзің де оларға мейірімді болуың керек.
26. Дағдыға айналған іс-әрекетті білдіріп тұрған сөйлемді табыңыз.
A) Бүркіттің балапаны анасының жауабына қанағаттанады.
B) Бүркіттің балапаны ұясынан айналасына қарап отыратын.
C) Ол төменде жартастар арасында ұшып жүрген құстарды көреді.
D) Бүркіт сонша аш болса да, өз тапқанын басқа құстармен бөлісуі керек.
27. Мәтін мазмұны бойынша қорытынды ойды білдіретін сөйлемді көрсетіңіз.
A) Абырой мен құрмет күшпен келмейді, жомарттықпен келеді.
B) Бүркіт те кейде қасында жақындарының болғанын қалайды.
C) Олардың қажеттіліктерін біліп, әрқашан қол ұшын созуы керек.
D) Осындай биіктікте басқа құстарға тамақ табу қиынырақ болуы мүмкін.
28. Mіндеттілікті білдіретін сөйлемді көрсетіңіз.
A) Ол төменде жартастар арасында ұшып жүрген құстарды көреді.
B) Бір үзім нанды басқалармен бөлісіп жей алатын адамның адал досы көп болады.
C) «Сенің төменде көрген құстарыңның барлығы – біздің адал достарымыз» – деп жауап береді анасы.
D) Кімде-кім өзінің адал достары болғанын қаласа, ол басқаларға мейірімді, шыдамды бола білуі тиіс.
4-мәтін
Бірде танымал физикті басқа бір елге өте қиын жұмыс істейтін техникалық құрылғыны жөндеу үшін шақырады. Белгіленген жерге келген ғалым:
– Сонымен не дұрыс болмай жатыр? – деп сұрайды.
– Құрылғы жұмыс істемей тұр, бәрін тексеріп көрдік, – дейді әріптестері мен техникалық мамандар.
– Көптен жұмыс істемей тұр ма?
– Бір ай болды.
– Түсінікті. Ендеше көрейік, – деді де физик техникалық құрылғыны мұқият қарауға кірісті.
Физик бірнеше тетікті басып көрді, бірнеше экрандағы көрсеткіштерге көз жүгіртті. Сосын ойланып қалды.
Cодан кейін үлкен құрылғының жанына келіп, жұдырықпен ұрып жіберді. Құрылғы жұмыс істеп кетті.
– Біз сізге қанша төлеуіміз керек? – деп сұрады мамандар ұялған түрімен, – бізге түбіртек жазып беріңізші.
Физик қағазға тез-тез жазып, олардың қолдарына ұстатты.
– 10 000 доллар?! – деді компания өкілдері келіспей, – бір соққыға 10 000 доллар?! Қайта есептеуіңізді сұраймыз.
– Жарайды, – деді ғалым.
Oл қолына қалам, жаңа парақ алып, тағы да бірдеңелер жазып, олардың қолына қайта берді.
– Мен қайта есептеп бердім.
Oнда: «Соққы 1 доллар, қай жерден ұруды білген білім үшін – 9 999 доллар» – деп жазылыпты.
Aлғашында мамандар қарсы болса да, ақша дәл уақытында, толық төленді. Сол физик келгенше, құрылғы істемей тұрған еді.
Kейде адамдар басқаның еңбегін бағалай алмай жатады. Ол, әсіресе, мәселені шешу аз уақыт алған кезде байқалады. Дегенмен әр адам өз еңбегін бағалай алуы тиіс. Себебі кез келген істе еңбекпен бірге сол білімді алуға кеткен көп уақыт пен күш-жігер де бағаланады.
4-мәтін бойынша тест тапсырмалары:
29. Aсты сызылған тіркестің мағынасын анықтаңыз.
Физик бірнеше тетікті басып көрді, бірнеше экрандағы көрсеткіштерге көз жүгіртті.
A) оңдады
B) қарады
C) жүгірді
D) жөндеді
30. Cыни пікірді көрсетіңіз.
A) Ақша дәл уақытында, толық төленді.
B) Әр адам өз еңбегін бағалай алуы тиіс.
C) Кез келген істе еңбекпен бірге уақыт пен күш-жігер де бағаланады.
D) Соққы 1 доллар, қай жерден ұруды білген білім үшін – 9 999 доллар.
31. Oқиғаға түрткі болған себепті анықтаңыз.
A) басқа елден физик шақыру
B) физиктің құрылғыны жөндеуі
C) құрылғыны ешкімнің жөндей алмауы
D) құрылғыны жөндеу үшін төленген ақы
32. Mәтінге сай берілген қорытынды ойды белгілеңіз.
A) Адамның еңбегін бағалағанда, оның білімі қоса бағалануы керек.
B) Құрылғыны жөндеу үшін физиктің көп жылдық білімі қажет болды.
C) Құрылғыны жөндей алмағандықтан, сырттан адам шақыруға тура келді.
D) Физик ғалым бір ай бойы жұмыс істемей тұрған құрылғыны оңай жөндеді.
33. Бір мезгілде қатар орындалған іс-әрекет көрсетілген сөйлемді белгілеңіз.
A) Ол қолына қалам, жаңа парақ алып, тағы да бірдеңелер жазды.
B) Kейбір кезде адамдар басқаның еңбегін бағалай алмай жатады.
C) Кез келген істе еңбекпен бірге уақыт пен күш-жігер де бағаланады.
D) Бірде танымал физикті техникалық құрылғыны жөндеу үшін шақырады.
34. Iс-әрекеттің орындалу мерзімі көрсетілген сөйлемді табыңыз.
A) Біз келіспейміз, қайта есептеуіңізді сұраймыз.
B) Дегенмен әр адам өз еңбегін бағалай алуы тиіс.
C) Физик келгенше, құрылғы істемей тұрған еді.
D) Білім алуға кеткен уақыт пен күш-жігер де бағаланады.
35. Iс-әрекеттің мақсаты көрсетілген сөйлемді табыңыз.
A) Құрылғыны ұрып жібермейінше, жұмыс істемей тұрған еді.
B) Құрылғыны жөндеу үшін, мамандар бір ай бойы талмай еңбек етті.
C) Ғалым толық түсіндірмей, олар не үшін көп ақша төлейтінін білмеді.
D) Адамның еңбегін, білімін, оған қоса жұмсаған күшін де бағалау керек.
36. Mәтіндегі негізгі ұғымды табыңыз.
A) уақыт
B) еңбекақы
C) еңбектің бағалануы
D) құрылғыны жөндеу
37. Oқиғаның логикалық жалғасын табыңыз.
Құрылғыны ешкім жөндей алмайды.
A) Құрылғы іске жарамсыз болып қалған.
B) Басқа елден физикті арнайы шақыртады.
C) Басқа елден келген ғалым жоғары ақы сұрайды.
D) Құрылғының істен шыққанына бір ай уақыт өтеді.
38. Қарсылықты мағыналы сөйлемді көрсетіңіз.
A) Құрылғы жұмыс істемей тұр, бәрін тексеріп көрдік.
B) Физик қағазға тез-тез жазып, олардың қолдарына ұстатты.
C) Физик құрылғының жанына келіп, жұдырықпен ұрып жіберді.
D) Алғашында мамандар қарсы болса да, ақша дәл уақытында төленді.
39. Эмоциялық күйдің туындау себебі көрсетіңіз.
– 10 000 доллар?! – деді компания өкілдері келіспей, – бір соққыға 10 000 доллар?!
A) өкпе
B) реніш
C) қуаныш
D) наразылық
40. Берілген ақпаратқа дәлел табыңыз.
Mамандар наразы болса да, физик өзі сұраған ақыны алып кетті.
A) Ол ұрған соң құрылғы іске қосылып кетті.
B) Ол өзі сұраған ақының есебін айтып берді.
C) Ол басқа мемлекеттен арнайы шақыртылды.
D) Ол жөндеген құрылғыны ешкім жөндей алмаған еді.
ОҚЫЛЫМ БӨЛІГІ АЯҚТАЛДЫ
проспект Победы, 60
test@kazakhtest.kz